15 қараша – Қазақстан Республикасының Ұлттық валюта және Қаржыгерлер күні. Бұл күн еліміздің экономикалық тәуелсіздігін нығайтудағы тарихи маңызы зор дата болып табылады.
1993 жылы дәл осы күні Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге айналымға енгізіліп, мемлекет өзінің дербес ақша-несие саясатын қалыптастыру жолына түсті. Теңгенің енгізілуі Қазақстан қаржы жүйесінің дамуына, банк секторын жетілдіруге, экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге жаңа мүмкіндіктер ашты.
Меркі ауданында мерекеге орай марапаттар табысталып, арнайы жиын өтті.
Меркі аудан әкімдігінің қаржы бөлімінің басшысы Азамат Ильясұлы Қасабеков Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің “Қаржы қызметінің үздігі” төс белгісімен марапатталды.
Бұл марапат мемлекеттік қаржы саласындағы адал еңбегі мен жоғары көрсеткіштері, сондай-ақ ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін берілді. Әріптестері Азамат Ильясұлын құттықтап, қызметіне табыс және жаңа биіктер тіледі.
Сондай-ақ, мереке күні аудан әкімі Ербол Жиенқұлов қаржы саласының мамандарын және банк қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың аудан экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз етудегі еңбегіне алғыс білдірді.
Жиында аудан басшысы жауапты қызмет атқарып жүрген қаржы қызметкерлерінің еңбегінің маңыздылығын атап өтіп, әлеуметтік-экономикалық даму жолында сіңірген еңбектері үшін ризашылығын жеткізді.
Мерекеде қаржы саласындағы бірқатар қызметкерлерге «Меркі ауданына сіңірген еңбегі үшін» белгісі, аудан әкімінің Құрмет грамотасы, аудан әкімінің Алғыс хаты, аудандық мәслихаттың Құрмет грамотасы және Алғыс хаты, «Аманат» партиясының Алғыс хаты табыс етілді.
Ербол Жиенқұлов өз сөзінде сала өкілдеріне мықты денсаулық, табысты қызмет, отбасылық амандық тілеп, ауданның қаржылық және әлеуметтік дамуына қосқан үлестері үшін алғыс айтты.