– Конституция – мемлекеттің іргетасы, қоғамдық келісімнің өзегі, азамат пен мемлекет арасындағы сенімнің құқықтық кепілі. Сондықтан Негізгі заңды жаңарту – бүкіл қоғамның тағдырына әсер ететін тарихи қадам.Конституциялық комиссия құрамында өңірлік өкілдік қамтамасыз етілді. Еліміздің барлық аймағынан, оның ішінде өңірлік мәслихаттардың төрағалары, қоғамдық кеңестердің мүшелері мен тәжірибелі жергілікті мамандар тартылды. Бұл Конституция жобасында тек орталықтың ғана емес, өңірлердің де мүддесін ескеруге мүмкіндік берді.Конституциялық реформа қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтып, азаматтардың саяси жауапкершілігін арттырады. Бұл қадам Қазақстанның құқықтық мәдениетін жаңа деңгейге көтеріп, азаматтық қоғам мен демократиялық құндылықтарды нығайтуға ықпал етеді, – деді ол.
– Қасым-Жомарт Кемелұлы жаңа Конституция бойынша түпкілікті шешім жалпыұлттық референдум арқылы қабылданатынын ерекше атап өткен болатын. Бұл – халықтың тікелей еркін білдіретін, егемен елдің демократиялық негіздерін нығайтатын тарихи кезең. Осы орайда әрбір азаматтың референдумға белсенді қатысуы – отаншылдықтың айқын көрінісі болмақ. Мұндай тағдырлы таңдау ел болашағы үшін маңызды мүмкіндіктерге жол ашады. Осылайша, біз бірлігімізді бекемдеп, тәуелсіз Қазақстанның даму жолын бірге қалыптастырамыз.Жаңа Ата Заң жобасын қолдай отырып, еліміздің болашағы мен жастардың ертеңі үшін жасалып жатқан маңызды қадамға бейжай қарамауға шақырамын. Әділетті қоғам мен тұрақты мемлекет құру – баршамыздың ортақ мақсатымыз, – деді облыс әкімі.