
Исі мұсылман баласы асыға күтетін, он екі айдың сұлтаны болған қасиетті Рамазан айының аяқталуына да санаулы күндер қалды. Рамазан – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, иманды күшейтуге мүмкіндік берілген қасиетті ай. Бұл – Жаратушы Иеміздің ұлы сыйы әрі нығметі. Сауаптар еселеніп жазылатын айда жасалған қайырлы істің қайтарымы адам баласы үшін құпия-сыр. Бастысы, бұл – халқымыздың рухани өмірінде айрықша маңызы бар кезең.
Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты №26 мекемесіндегі жазасын өтеуші азаматтарға шарапаты мол айдың мән-маңызын түсіндіру мақсатында жиын өтті. Басқосуға Жамбыл облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамдары Мұрат Нұрлан мен Амангелді Дәулет арнайы контингент өкілдері халқымыз үшін дін мен дәстүр – бірін-бірі толықтырып, өзара сабақтасып жатқан егіз ұғым екенін атап өтті. Дін қызметкерлері өз сөздерінде Рамазан айы – тән тоятынынан уақытша тыйғанымен, адамның жанын «семіртетін» қасиетті ай екенін жеткізіп, бұл уақытта ауыз бекіткен сондай-ақ белгілі себептермен бекіте алмаған Мұхаммед (с.ғ.с) үмбеті жаман істерден тыйылып, өзін-өзі тазартуға, кемелдендіруге тырысу қажеттігін баса айтты.
Жиын соңында сот үкімімен кінәлі деп танылған жандарға ауызашарға арналған құрма мен ауыз су таратылды.