Облыстық Полиция департаментінде «Ашық есік» күніне орай Жамбыл жоғары медициналық колледжі студенттері мен мектеп оқушылары арнайы экскурсияға қатысып, ішкі істер органдарының тарихы және қызметімен танысты.
Іс-шараға 50-ден астам студенттер мен оқушылар, сондай-ақ ішкі істер органдары ардагерлерінің отбасы мүшелері қатысты.
Қатысушылар департаменттің тарихи мұражайын аралап, ішкі істер органдарының қалыптасу кезеңдерімен танысты. Сонымен қатар Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың ерлігі туралы көркем фильмді тамашалап, қызмет барысында қаза тапқан полицейлер жайында тағылымды мәліметтер алды.
Экскурсия барысында полиция қызметінің күнделікті жұмысы, қоғамдағы рөлі мен жауапкершілігі туралы жан-жақты ақпарат берілді. Кездесу аясында құқықтық тәрбиеге бағытталған мазмұнды әңгіме өрбіп, жасөспірімдер өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.
—«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылған мұндай кездесулердің басты мақсаты – жастарға құқықтық тәрбие беру, олардың бойында отансүйгіштік пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру. Осындай тағылымды шаралар арқылы біз олардың дұрыс бағыт таңдауына, заңды құрметтеуіне және полиция қызметіне деген қызығушылығын арттыруды көздейміз, – деп атап өтті ПД Жеке құраммен жұмыс жөніндегі басқарма бастығының орынбасары Берік Сәлемов.