Жамбыл облысында автомобиль жолдарының қысқы кезеңдегі қауіпсіздігі мен үздіксіз қозғалысын қамтамасыз ету мәселесі басты назарға алынды. Осыған байланысты облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен кеңес өтіп, онда жергілікті және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының қысқы маусымға дайындығы, арнайы техникалардың әзірлігі, қажетті материалдар қоры және жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтау бағытындағы жұмыстар жан-жақты талқыланды.
Жиында облыс әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықов өңірдегі жол инфрақұрылымының қысқы кезеңге дайындығы туралы баяндады. Оның айтуынша, қазіргі таңда облыстағы жалпы пайдаланымдағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 3 160,1 шақырымды құрайды. Оның ішінде 1 688,4 шақырымы облыстық, ал 1 471,7 шақырымы аудандық маңызы бар жолдарға жатады.
Аталған жолдарды қысқы маусымда күтіп ұстау мақсатында 2026 жылдың қараша-желтоқсан айларында 20 мердігер ұйым жұмысқа тартылып, олардың иелігіндегі 190 бірлік арнайы техника жұмылдырылмақ. Бұл жұмыстар қар жаууы, көктайғақтың пайда болуы және ауа райының күрт өзгеруі кезінде жолдардың қауіпсіз әрі үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар қыс мезгілінде жолдарды қардан тазарту және тайғаққа қарсы өңдеу үшін қажетті материалдар қоры алдын ала әзірленген. Бүгінде 13 170 тонна құм мен 1 745 тонна тұз қоры жасақталған.
Бұдан бөлек, қолайсыз ауа райына байланысты жолда қалып қойған жолаушыларға жедел көмек көрсету мәселесі де назардан тыс қалмаған. Осы мақсатта 10 жолаушылар тасымалдаушы мекемесімен өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалып, төтенше жағдай туындаған жағдайда 115 автобус тарту жөнінде келісімге қол жеткізілген. Бұл шара жол қозғалысына шектеу қойылған немесе азаматтардың әрі қарай жүруіне мүмкіндік болмаған жағдайда оларды қауіпсіз жерге жеткізуге мүмкіндік береді.
Кеңесте «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Жамбыл облыстық филиалының басшысы Айжан Туғанова республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының қысқы маусымға әзірлігі жөнінде ақпарат берді. Оның мәліметінше, облыс аумағынан өтетін республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 1 224 шақырымды құрайды. Қысқы күтіп ұстау жұмыстарына арналған 109 бірлік арнайы техниканың 107-сі, яғни 98 пайызы маусымға дайын. Қалған екі техникада қазіргі уақытта жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Республикалық маңызы бар жолдарды қыс бойы күтіп ұстауға қажетті материалдар қоры да жеткілікті көлемде жинақталған. Атап айтқанда, 7 000 текше метр құм, 9 623,6 тонна тұз, 80 тонна көмір және 84 тонна химиялық реагент әзірленген. Бұл материалдар қарлы боран мен көктайғақ кезінде жолдардың жүру бөлігін тазарту, тайғақтың алдын алу және көлік қозғалысының қауіпсіздігін сақтау үшін пайдаланылмақ.
Сонымен қатар қар басу қаупі жоғары асу учаскелерінде арнайы қар ұстайтын қалқандар орнатылған. Жүргізушілерді жолдағы ахуал мен ықтимал қауіптер туралы алдын ала хабардар ету мақсатында 462 уақытша жол белгісі қойылған. Мұндай шаралар әсіресе қысқы уақытта көріну деңгейі төмендеп, қарлы боран жиілейтін жол учаскелерінде апаттық жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Жиын барысында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қысқы маусымға дайындық жұмыстарының қарқынына тоқталып, автомобиль жолдарының әзірлігі толық аяқталмағанын атап өтті. Осыған байланысты жауапты мекемелерге барлық ұйымдастыру және техникалық жұмыстарды жеделдетіп, жол қызметтері мен жергілікті атқарушы органдар арасындағы үйлестіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Өңір басшысы қыс мезгілінде жол қауіпсіздігіне немқұрайлы қарауға болмайтынын, себебі жолдарды уақытылы қардан тазаламау мен көктайғаққа қарсы шараларды кешіктіру ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін екенін баса айтты.
«Қысқы кезеңде автомобиль жолдарының тиісті деңгейде күтіп ұсталмауы жол-көлік оқиғаларына, азаматтардың жолда қиындықтарға тап болуына, тіпті адам өліміне әкелуі мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайлардың алдын алу – біздің басты міндетіміз. Жергілікті атқарушы органдар ретінде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін қатаң бақылауда ұстап, қажетті шараларды уақтылы қабылдауымыз керек», – деді Ербол Қарашөкеев.
Облыс әкімі жауапты басқармалар мен мекеме басшыларына қысқы кезеңде жолдардың жағдайын тұрақты бақылауда ұстауды, арнайы техникалардың тәулік бойы жұмыс істеуге әзір болуын және қажетті материалдардың жеткілікті көлемде болуын қамтамасыз етуді міндеттеді. Сондай-ақ қарлы боран, қатты аяз және көктайғақ секілді қолайсыз ауа райы жағдайларында жедел әрекет ету тетіктерін пысықтау қажеттігі айтылды.
Кеңес қорытындысы бойынша жауапты тұлғаларға жергілікті және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын қысқы маусымға толық дайындау, арнайы техникалар мен қажетті материалдардың әзірлігін қамтамасыз ету, жолда қалған азаматтарға жедел көмек көрсету және жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтау бойынша нақты тапсырмалар берілді. Өңірдегі жол қызметтерінің жұмысы алдағы қысқы кезеңде де тұрақты бақылауда болады.