Біз кз

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМІНІҢ КӨЛЕМІ 562,8 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕГЕ ЖЕТТІ

Биыл Жамбыл облысындағы ауыл шаруашылығы саласында оң динамика қалыптасып, өндіріс көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,1 пайызға артты. Жылдың алғашқы он айында өңір диқандары мен мал шаруашылығы өкілдері жалпы құны 562,8 миллиард теңгенің өнімін өндірді. Оның ішінде егін шаруашылығының үлесі басым. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әбдірәсіл Желеубаев баспасөз алаңында өткен брифингте мәлімдеді.

Басқарма басшысының айтуынша, ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуын қамтамасыз ету және тауар өндірушілерге қолдау көрсету мақсатында биыл қомақты қаржы қарастырылған. Нақтырақ айтқанда, саланы қолдауға жалпы 47 миллиард теңге бағытталды. Оның 33,5 миллиард теңгесі субсидия төлеуге бөлінсе, 6,5 миллиард теңге «СҚО» тәжірибесін таратуға, ал 7 миллиард теңге «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыруға арналған.

Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде жыл басынан бері 8 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге 32,2 миллиард теңге көлемінде субсидия берілді. Сонымен қатар қаржы институттары мен микроқаржы ұйымдары арқылы 909 агроқұрылым жалпы сомасы 20,3 миллиард теңге болатын несие алды. Бұл қаражат шаруашылықтардың өндірістік әлеуетін арттыруға, материалдық-техникалық базасын жаңартуға және ауыл шаруашылығы жұмыстарын уақытылы жүргізуге мүмкіндік беріп отыр.

Өңірде өндірілген жалпы өнімнің 361,3 миллиард теңгесі егін шаруашылығына тиесілі болса, мал шаруашылығының үлесі 199,2 миллиард теңгені құрады. Көрсеткіштер ауыл шаруашылығының екі негізгі бағыты бойынша да өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік бар екенін көрсетеді.

Биыл егіс алқаптарының көлемі де кеңейтілді. Жалпы ауыл шаруашылығы дақылдары 654,9 мың гектар жерге орналастырылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14,9 мың гектарға артық. Оның ішінде 377,3 мың гектарға дәнді және дәнді бұршақты дақылдар егілсе, 177,7 мың гектар жер мал азығын дайындауға арналған дақылдарға бөлінді. Егіс құрылымын әртараптандыру және өнімділікті арттыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Қазіргі таңда Ислам даму банкі, Еуропалық қайта құру және даму банкі, сондай-ақ бюджет қаражаты есебінен өңірдегі 91 суару каналын жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл шаралар суару жүйелерінің тиімділігін арттырып, егістік алқаптарын сумен қамтамасыз етуге оң ықпал етпек.

Сондай-ақ егін шаруашылығына су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары қарқын алған. Бүгінде мұндай технологиялар қолданылатын алқаптың жалпы көлемі 76,8 мың гектарға жетті. Оның 52,8 мың гектарында тамшылатып суару әдісі қолданылса, 20 мың гектар жер жаңбырлатып суару жүйесімен қамтылған. Ал 3,9 мың гектар алқап лазерлік жоспарлау технологиясы арқылы тегістелген. Мамандардың мәліметінше, су үнемдеу технологиялары енгізілген жер көлемі жыл сайын қосымша 10 мың гектарға ұлғайып келеді. Бұл су тапшылығының алдын алуға, ылғалды тиімді пайдалануға және ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.

Өңірдегі агроөнеркәсіп кешенін дамытуда ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағытындағы жобаларға да басымдық беріліп отыр. Әсіресе жергілікті қайта өңдеу кәсіпорындарын тұрақты шикізатпен қамтамасыз ету мәселесі өзекті. Осы мақсатта биыл қытайлық Fufeng Group компаниясының жүгеріні терең өңдейтін ірі өндірістік кешенінің бірінші кезеңін іске қосу жоспарланған.

Жобаның жалпы құны 800 миллиард теңгені құрайды. Өндіріс орны толық қуатына шыққанға дейін бірнеше кезеңмен жүзеге асырылмақ. Алғашқы кезеңде кәсіпорын жылына 500 мың тонна жүгеріні өңдеуге қауқарлы болады. Аталған жоба өңір экономикасына елеулі серпін беріп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, бюджетке түсетін салық көлемінің артуына және ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу мүмкіндіктерінің кеңеюіне жол ашады деп күтілуде.

Жаңа кәсіпорынның іске қосылуы жергілікті фермерлер үшін де тиімді болмақ. Өйткені жүгеріні тұрақты көлемде қабылдайтын ірі өндіріс орнының болуы диқандарға өнім өткізу нарығын алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар өңірде жүгері өсіруге деген қызығушылық артып, осы дақыл егілетін алқап көлемі ұлғайып отыр.

Атап айтқанда, биыл дәндік жүгері алқабы өткен кезеңмен салыстырғанда 7,4 мың гектарға артып, 25,6 мың гектарға жетті. Қазіргі уақытқа дейін 178,5 мың тонна жүгері жиналған. Маусым қорытындысы бойынша бұл көрсеткішті 179 мың тоннаға жеткізу көзделіп отыр. Осылайша, биылғы өнім көлемі өткен жылмен салыстырғанда 70 мың тоннаға дейін артық болады деп жоспарлануда.

Жалпы, ауыл шаруашылығы саласындағы оң көрсеткіштер мемлекеттік қолдау шараларының, егіс алқаптарын кеңейтудің, заманауи технологияларды енгізудің және қайта өңдеу бағытындағы инвестициялық жобалардың нәтижесінде қалыптасып отыр. Алдағы кезеңде негізгі міндеттердің бірі – белгіленген жылдық жоспарларды толық орындау, өндіріс көлемінің тұрақты өсімін сақтау және агроөнеркәсіп кешенінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Бұл ретте ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, су ресурстарын ұтымды пайдалану және шаруашылықтардың қаржылық мүмкіндіктерін кеңейту бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.