Біз кз

КОНСТИТУЦИЯ – ӘДІЛЕТТІ ҚОҒАМНЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ НЕГІЗІ

2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының күшіне енуі еліміздің құқықтық дамуындағы маңызды кезең болып табылады. Ата Заң мемлекеттің негізгі қағидаттарын айқындап қана қоймай, қоғамдағы тұрақтылықты нығайтуға және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған берік негіз қалыптастырады.

Құқықтық мемлекет құрудың басты шарттарының бірі – заң үстемдігін қамтамасыз ету және әрбір азаматтың заң алдында теңдігін сақтау. Осы қағидаттар қоғамдағы өзара сенімді арттырып, мемлекеттік институттардың жауапкершілігін күшейтуге ықпал етеді. Конституцияны құрметтеу – азаматтардың құқықтарын білуімен қатар, өз міндеттерін адал орындауынан да көрінеді.

Жергілікті деңгейде бұл міндеттер халықпен тиімді байланыс орнату, тұрғындардың өтініштеріне назар аудару, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру және азаматтардың заңды мүдделерін қорғау арқылы жүзеге асады.

Мемлекеттік органдардың жұмысы халықтың сеніміне негізделіп, нақты нәтижелерге бағытталуы қажет.

Сонымен бірге құқықтық мәдениетті қалыптастыру – қоғамның барлық мүшесіне ортақ міндет. Әсіресе жастардың заңды құрметтеуі, өз құқықтары мен міндеттерін түсінуі және қоғамдық өмірге белсенді араласуы елдің болашағы үшін маңызды.

Жаңа Конституцияның қағидаттарын күнделікті өмірде басшылыққа алу арқылы біз әділетті, жауапты және тұрақты қоғам қалыптастыруға үлес қоса аламыз. Ата Заңға құрмет – елге, қоғамға және болашақ ұрпаққа деген жауапкершіліктің көрінісі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.