Біз кз

«ДОСТЫҚ КЕРУЕНІ» – БІРЛІК ПЕН ЫНТЫМАҚТЫҢ ЖАРҚЫН КӨРІНІСІ

Азаматтық бірегейлікке негізделген қазақстандық патриотизмді ілгерілетуге, ұлттық мәдениет пен рухани дәстүрлерді сақтау және дамытуға бағытталған «Әралуандықтағы бірлік» жобасының тұжырымдамасы аясындағы «Достық керуені» жобасы Сарысу ауданында болды.

Бірлік пен ынтымақты дәріптеген ауқымды шараларға «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Мубарак Жинақбаева, аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Молдабеков, аудандық этнос өкілдері мен жастар қатысты.

Іс-шара алдымен аудандық мәдениет үйінің фойесінде ұйымдастырылған этнос өкілдерінің ұлттық дастарқандарымен танысудан басталды. Қонақтар түрлі ұлттың ұлттық тағамдарынан дәм татып, олардың мәдениеті мен салт-дәстүріне құрмет көрсетті. Бұл – халқымызға тән қонақжайлық пен өзара сыйластықтың, сан түрлі мәдениеттің бір шаңырақ астында жарасымды өмір сүріп жатқандығының айқын көрінісі.

Бұдан кейін «Менің елім – Қазақстандық» тақырыбында жастар арасында командалық сайыс ұйымдастырылып, қатысушылар сауалнама толтырды. Шара барысында жас буынның азаматтық ұстанымы, отансүйгіштік қасиеті мен қоғамдық келісімге деген көзқарасы кеңінен көрініс тапты. Танымдық бағыттағы басқосу жастардың ел тарихына, ұлттық құндылықтарға және қазақстандық бірегейлікке деген қызығушылығын арттыруға бағытталды.

Сонымен қатар аудандық Коворкинг орталығында аудандық ардагерлер кеңесі мен аналар кеңесінің мүшелерімен мазмұнды кездесу өтті. Басқосу барысында ел бірлігі, ұрпақ тәрбиесі, ұлттық құндылықтарды сақтау және қоғамдағы татулықты нығайту мәселелері талқыланды. Қатысушылар өзара пікір алмасып, өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, маңызды ойларын ортаға салды. Әсіресе, өскелең ұрпаққа үлкенді құрметтеу, кішіге ізет көрсету, туған жерге деген сүйіспеншілікті қалыптастыру бағытындағы тағылымды пікірлер айтылды.

Жоба аясында спорт кешенінде жастар арасында спартакиада ұйымдастырылды. Спорттық сайыстарда бақ сынаған қатысушылар өзара бақ сынасып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер ұйымдастырушылар тарапынан дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Спорттық бәсеке жастардың шымырлығын шыңдап қана қоймай, командалық рухты, достық қарым-қатынасты және өзара қолдауды нығайтуға ықпал етті.

Мерекелік шара «Өнерім саған, Қазақстан!» атты фестивальмен жалғасын тапты. Фестивальде аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Оңғарбекұлы құттықтау сөз сөйлеп, «Достық керуені» жобасының қоғамдық келісімді нығайтудағы және ел бірлігін бекемдеудегі маңызына тоқталды.

Сондай-ақ «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Мубарак Қасымқызы сөз сөйлеп, этнос өкілдерінің еліміздің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып отырған үлесіне тоқталды. Ауданның әлеуметтік дамуына атсалысып жүрген этнос өкілдерінің жетекшілері мен жобаға белсенді қатысушыларға Алғыс хаттар табыстады.

Фестиваль соңы әсем ән мен көтеріңкі көңіл күйге ұласқан концерттік бағдарламаға жалғасты. Этнос өкілдері өз өнерлерін ортаға салып, ұлттық әндері мен мәдени мұраларын көпшілікке таныстырды. Ал аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары ел бірлігі мен достықты дәріптейтін әндерді орындап, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.

Айта кету керек, Қазақстан үшін этносаралық татулық пен қоғамдық келісім – ел тұрақтылығы мен дамуының маңызды негіздерінің бірі. Әрбір азаматтың ұлтына, тілі мен мәдениетіне құрметпен қарау, ортақ Отанымыздың өркендеуіне үлес қосу – баршамызға ортақ міндет. Осындай жобалар түрлі этнос өкілдері арасындағы достық байланысты нығайтып, қоғамда өзара түсіністік пен сенімді арттыруға жол ашады.

«Достық керуені» – түрлі этнос өкілдерін ортақ мақсатқа ұйыстырып, өзара сыйластық пен татулықты нығайтатын маңызды жоба. Осындай тағылымды кездесулер мен мәдени іс-шаралар қоғамдағы бірлікті бекемдеп, жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік пен азаматтық жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға зор ықпал етеді. Бірлігі бекем елдің болашағы жарқын. Сондықтан татулықты ту етіп, достықты дәріптеу – әрқайсымыздың азаматтық парызымыз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.