Біз кз

ТАРАЗДА 196 ОТБАСЫНЫҢ БАСПАНА МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛДІ

Тараз қаласының Әулиеата ауданындағы «Ұлы дала» шағынауданында 196 пәтерлі бес қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Жаңа баспаналар тұрғын үй кезегінде ұзақ жылдар тұрған азаматтарға табысталды, деп хабарлайды BIZ01 ақпарат агенттігі.

Пәтер кілттерін табыстау рәсіміне Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, «Отбасы банк» басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова, ардагерлер мен қоғамдық кеңестердің төрағалары, зиялы қауым өкілдері қатысып, қоныс иелерін қуаныштарымен құттықтады.

Салтанатты шарада облыс әкімі азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Өңірде тұрғын үй құрылысының көлемін арттыру және кезекте тұрған азаматтарды баспанамен қамту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді.

Биыл Жамбыл облысында 770 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Оның ішінде Тараз қаласында жеке инвестициялар есебінен 111,8 мың шаршы метр тұрғын үй салу көзделген.

Өткен жылы облыста 16 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілсе, биыл 1 190 пәтерді қамтитын 31 көпқабатты тұрғын үйді ел игілігіне тапсыру жоспарланып отыр.

«Отбасы банк» басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, мемлекеттік қолдаудың арқасында әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды баспанамен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасады.

Жаңа пәтерлердің басым бөлігі тұрғын үй кезегінде 10 жылдан астам уақыт тұрған азаматтарға берілген. Түгендеу рәсімінен уақытылы өткен азаматтар портал арқылы өз бетінше өтінім беріп, қажетті құжаттарын рәсімдеген. Нәтижесінде олар жалдау шарттарына қол қойып, жаңа пәтерлерінің кілттерін алды.

Қазіргі таңда Жамбыл облысында тұрғын үй кезегінде шамамен 60 мың адам тұр. Бүгінде 2016-2017 жылдары кезекке тұрған азаматтарды баспанамен қамту жұмыстары жүргізілуде.

2026 жылы республика бойынша жалға берілетін және несиелік тұрғын үйлерді пайдалануға беру көлемі де жоғары деңгейге жетіп отыр. Қазіргі уақытқа дейін елімізде шамамен 12 мың пәтер пайдалануға берілген, ал жыл соңына дейін тағы 8 мыңға жуық пәтерді пайдалануға беру жоспарланған.

Қоныс иелерінің бірі Арайлым Шатырова тұрғын үй кезегінде 11 жылдан астам уақыт тұрғанын айтып, көптен күткен арманының орындалғанын жеткізді.

– Тұрғын үй кезегінде тұрғаныма он бір жылдан асты. Осы уақыт ішінде өз баспанамыз болса деген үмітпен күттік. Бүгін сол арманымыз орындалып, екі бөлмелі пәтердің кілтін алып отырмын. Бұл – мен үшін ғана емес, отбасым үшін де үлкен қуаныш. Осындай мүмкіндік сыйлаған мемлекетке алғысым шексіз, – деді ол.

Жаңа тұрғын үйдің пайдалануға берілуі Тараз қаласында баспана кезегінде тұрған азаматтарды қамтуға мүмкіндік беріп, тұрғын үй мәселесін кезең-кезеңімен шешуге бағытталған жұмыстардың жалғасы болды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.