Сарысу ауданы әкімдігінің мәжіліс залында Жамбыл облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Дәурен Бағжановтың қатысуымен кеңес отырысы өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Жұмат Сақыпбеков, аудандық мекемелер мен бөлімдердің басшылары, сондай-ақ балалардың құқықтарын қорғау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жұмыс жүргізетін жауапты мамандар қатысты.
Кеңес барысында 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі өңірлік іс-қимыл жоспарының орындалу барысы, сондай-ақ балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықтарын қорғау мәселелері жан-жақты қаралды. Мемлекет тарапынан балалардың құқықтарын қорғауға, олардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасауға және қауіпсіз орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлініп отырғандықтан, бұл мәселелер күн тәртібіндегі негізгі тақырыптардың бірі болды.
Жиын барысында жауапты мекемелердің өкілдері өз салалары бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасап, алдағы кезеңге арналған жоспарларымен бөлісті. Аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің міндетін атқарушы Е.Дүйсенбин балалар мен жасөспірімдердің мәдени-рухани дамуына бағытталған іс-шаралар жөнінде ақпарат берсе, аудандық білім бөлімінің бас маманы Ж.Мұсахметов білім беру ұйымдарында балалардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тәрбиелік жұмыстарды жетілдіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Сонымен қатар жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі тарапынан әлеуметтік қолдау шаралары мен отбасыларға көрсетілетін көмектер туралы мәліметтер ұсынылды. Бөлім басшысы Қ.Тлеубаев әлеуметтік жағдайы төмен және ерекше қолдауды қажет ететін отбасылармен жүргізіліп жатқан жұмыстарды баяндады. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы А.Мелдеев балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың алдын алу және жазғы демалыс кезеңінде қауіпсіздік талаптарын сақтау бағытындағы жұмыстар туралы айтты.
Кеңесте Отбасын қолдау орталығының директоры Ғ.Искенов пен Жастар ресурстық орталығының өкілі М.Прімбек те сөз сөйлеп, жастар мен балалар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және әлеуметтік қолдау шараларын жүзеге асыру мәселелеріне тоқталды. Аудандық орталық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Е.Бақытұлы балалар денсаулығын қорғау, профилактикалық тексерулер өткізу және медициналық қызметтердің сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Ал Жаңатас қаласының әкімі И.Домалақов қала аумағында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың әлеуметтік құқықтарын қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді.
Кеңес барысында балалардың құқықтарын қорғау мәселесі қоғамның ортақ міндеті екені атап өтілді. Балалардың қауіпсіз ортада өмір сүруі, сапалы білім алуы, денсаулығын сақтау және жан-жақты дамуына жағдай жасау мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып қала береді. Осыған байланысты жауапты мекемелердің өзара үйлесімді жұмысы мен қоғамның белсенді қатысуы ерекше маңызға ие.
Жиын қорытындысында Жамбыл облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Дәурен Бағжанов күн тәртібіндегі мәселелер бойынша бірқатар ұсыныстар айтып, жауапты бөлімдер мен мекеме басшыларына «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында атқарылатын жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру, балалардың құқықтарын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы шараларды күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Мұндай кездесулер өңірдегі балалардың құқықтарын қорғау саласындағы жұмыстардың тиімділігін арттыруға, мемлекеттік мекемелердің өзара іс-қимылын нығайтуға және өскелең ұрпақтың қауіпсіз әрі қолайлы ортада өмір сүруіне жағдай жасауға мүмкіндік береді.