Жамбыл облысында «Қазақстандық патриотизмді қалыптастыру мен дамыту: міндеттері мен болашағы» тақырыбында ұйымдастырылған облыстық жастар форумы ел жастарын патриоттық рухта тәрбиелеуге, оларды Отансүйгіштікке баулуға бағытталды.
Форум жұмысы басталмас бұрын, бүгінгі жас өрендердің әскери дайындығы, олардың осы саладағы ізденістері мен іс-әрекеттерінен хабар беретін арнайы көрме әзірленді. Ал салтанатты жиында ең алдымен ҚР Қарулы Күштерінің 30 жылдығына орай әзірленген видеоролик көрсетілді.
Жастар жиынына арнайы қатысқан облыс әкімі Нұржан Нұржігітов қатысушыларға жалынды сөз арнап, оларға ел келешегін сеніп тапсырарлық тұлға болып қалыптасуға тілектестігін білдірді.
– Жалпы қазіргі таңда өңіріміздегі жастар саны 258 мың адамды құрайды.
Әскер қатарына (көктемгі және күзгі) шақырылған жастар саны — 3 897 (2021 жылы-9 925) . Әскерге кеткен жастар саны — 129 (2021 жылы — 2 518)
Әскерге жарамсыз жастар саны — 287 (2021 жылы — 822)
Олармен мемлекеттік жастар саясатының негізгі
бағыттары – жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту, құқықтық мәдениет деңгейін арттыру, бос уақыт пен демалыс үшін жағдайлар жасап, жастардың құқыққа қарсы әрекеттерінің профилактикасы бойынша кешенді жұмыстар атқарылуда.
Ағымдағы жылдың сәуір-мамыр айларында жалпы білім беретін мектептерде «Патриот» айлығы аясында (сәуір-мамыр айында) 1 200-ге жуық түрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырылды (қамту саны — 15 750 адам).
Тараз қалалық және аудандық жастар ресурстық орталықтарымен жыл басынан бері 300-ден астам әскери-патриоттық бағыттағы іс-шаралар өтті (қамту саны — 7 233 адам).
Облыстық «Жас Ұлан» әскери-спорттық ойыны, «Айбын» жастар жиындары жалғасуда.
Өңірде 613 «Жас сарбаз» жастар мен жасөспірімдер қозғалысы жұмыс істеуде.
Әскери-патриоттық тәрбие бағытындағы жұмыстар күн тәртібінен түспеуі тиіс.
Бұл тұрғыда барлық жауапты орындардың бірлескен, күшейтілген жұмысқа негізделген жүйелі жоспарының болуы маңызды.
Ұрпақ тәрбиесі мен амандығы – ортақ жауапкершілік.
Біз жас ұрпақтың бойына отаншыл патриотизмді, мемлекетшілдік сананы қалыптастыруға жаппай атсалысуымыз керек, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, форумда облыс прокуроры Әбдіров Нұрғалым Мәжитұлы, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшы Кучекбаев Мереке Мәтімұлы, Жамбыл облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы Тасжанов Ғалымжан Алтынбекұлы, «Тараз қалалық Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ермеков Дүкенбай Сайлаубекұлы сөз сөйлеп, жастарға бағыт-бағдар берді.