Біз кз

Балалар қауіпсіздігі – басты орында

Мағжан Жұмабаевтың «Бала тәрбиесі – бір өнер, өнер болғанда да ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер… бала тар ойлы ақымақ болса, бала кінәлі емес, тәрбиеші кінәлі, бала сұлулықтан ләззат ала алмайтын мылқау болса, бала айыпты емес, тәрбиеші жазалы» дегені бар.

Ал «Балам өнегелі болсын десең баланы емес, өзіңді тәрбиеле»! Баланың тәрбиелі болуы ата-анасы мен ұстаздарына, ортасына тікелей байланысты.

Жалпы, қазіргі таңда балалардың тәрбиесімен қатар, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі де басты орында, жіті назарда тұр. Жазатайым оқиғаларға жол бермеу, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, олардың жасалуына ықпал ететін себептер мен жағдайларды болдырмау мақсатында Жуалы ауданында «Бала қауіпсіздігі – қоғамның басты міндеті» тақырыбында ата-аналар жиналысы өткізілді.

Шараға құқық қорғау органдары, зиялы қауым өкілдері, халық қалаулылары, ауыл әкімдері, ардагерлер кеңесінің төрағасы, білім беру мекемелерінің директорлары, мектептің құқықтық тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, қамқоршылық кеңес мүшелері, ата-аналар комитетінің төрағалары және Жуалы аудандық орталық ауруханасының сенім жастар денсаулық орталығының әлеуметтік қызметкерлері қатысты.

Кездесуді аудан әкімі Жалғас Мұртаза ашып, жүргізіп отырды.

Алғы сөз Төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы Мейірхан Алимбековке берілді. Мейірхан Жартыбайұлы тұрғын үй секторында өрттер мен жарақаттануды, улы газбен улану оқиғаларын алдын алу, шомылу маусымының басталуының алдында су айдындарында суға кету деректерінің алдын алу бойынша балалардың қауіпсіздігі мәселелері туралы баяндады.

Келесі кезекте сөз алған психология ғылымдарының кандидаты Гульжан Вероцкая бала ата-ананың сөйлеген сөзіне, жүріс-тұрысына қарап тәрбиеленетінін, яғни бала отбасы тәрбиесінің айнасы екенін, сондықтан бала тәрбиесіне ерекше мән беру қажеттігі жайлы сөз қозғады. Сонымен қатар, отбасында немесе өскен ортасында ересектерден қысым көрсе де ешкімге тіс жармай жүретін балалардың бар екендігін, отбасындағы ашу үстіндегі жанжалдың бала психологиясына қаншалықты әсер етендігін, осындай қайшылықтардан жасөспірімдер өзін жат сезініп, қоғамнан жерінуі мүмкіндігін айтып өтті.

Жиын барысында Жуалы ауданының бас имамы Ғалымжан Қонақбаев исламдағы бала тәрбиесі туралы сөз қозғаса, Жамбыл облысы әкімідігінің білім басқармасы Жуалы ауданының білім бөлімінің басшысының м.а Бақыт Шертаева білім беретін мекемелердегі атқарылып жатқан жұмыстарды баяндай келе, ата-аналарды балаларын кешкі уақытта көшеде жүрмеуін қадағалауын ескертті. «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деп Батыр Баукең айтқандай, оқушыларды тәртіпке бас июге шақырды.

Жиын соңында аудан прокуроры Ілияс Тойшыбеков өз ұсыныстарын айта өттію.

Мұндай кездесулер 13 ауылдық округтер мен аудан орталықтарындағы мектептерде жалғасатын болады.

Қорыта айтқанда, бала психологиясына кері әсер ететін факторлар өте көп. Оның әрқайсысымен күресу тіпті мүмкін еместей көрінеді. Алайда ата-ана баласымен досындай сырласып, кейбір мәселелерде баламен санасар болса, мұның өзі үлкен олжа деп айтуға болады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.