Біз кз

«ІШІМДІКСІЗ АУЫЛ» – ҰЛТ САУЛЫҒЫНА БАҒЫТТАЛҒАН ҚАДАМ

Адам тәрбиесі мен ұлт болашағына бейжай қарамайтын жұрт үшін ең өзекті мәселелердің бірі – жас ұрпақтың жат әдеттерден алшақ болуы. Осы орайда Меркі ауданында игі бастама – «Ішімдіксіз ауыл» жобасы қолға алынып, аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес арнайы жұмысшы топтар құрылып, ауылдық округтерде нақты жұмыстар басталып кетті.
⠀Арнайы топтар Ақарал және Андас батыр ауылдық округтерінде жергілікті сауда дүкендерінің иелерімен және ауыл қауымдастығының белсенді мүшелерімен кездесу өткізді. Кездесулерді аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Тоғжан Тұрсыналы басқарып, қоғамды сауықтыруға бағытталған бастаманың мәні мен маңызын кеңінен түсіндірді.
⠀Шараға аудандық аналар кеңесінің төрайымы Қайнаркүл Таттығұлова, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Мелісхан Жұматаев, Меркі АПБ бастығының орынбасарв полиция подполковнигі Айдос Майнаусов, сондай-ақ жергілікті кәсіпкерлер мен белсенді тұрғындар қатысты. Олар өз пікірлерін ортаға салып, жас ұрпақты ішімдік іспетті зиянды әдеттерден қорғаудың маңызын баса айтты.
⠀Кездесу барысында «Ішімдіксіз ауыл» жобасы – тек құқықтық, медициналық не экономикалық шара емес, бұл – рухани тазаруға, ұлттық болмысымызды сақтау мен ұрпаққа өнеге болуға бағытталған үлкен қадам екендігі атап өтілді. Ауыл ақсақалдары мен аналар кеңесі өкілдері де өз сөздерінде ішімдіктің кесірінен болған түрлі әлеуметтік мәселелерді мысалға келтіре отырып, жастарға дұрыс бағыт беру – барша ауылдастың ортақ міндеті екендігін айтты.
⠀Ең бастысы – кездесудің нәтижесінде ауылдағы бірнеше дүкен иелері ішімдікті сатудан бас тартып, «Ішімдіксіз ауыл» бастамасына қолдау білдіретінін нақтылады. Осы мақсатта арнайы меморандумға қол қойылып, ортақ жауапкершілікке негізделген уағдаластық жасалды.
⠀Бұл – ел ертеңі үшін, жас ұрпақтың болашағы үшін жасалған саналы таңдау. Қоғам тек заңмен емес, ар-ұят, сана мен тәрбиемен қалыптасады. Сондықтан мұндай бастамалар – ауыл өміріндегі үлкен серпіліс, жаңғырудың нақты көрінісі болары сөзсіз.
Меркі ауданы әкімінің баспасөз қызметі
ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.