Санаулы күндерден кейін егемен елімізде тәуелсіздік тарихындағы маңызды белестердің бірі – Конституцияның 30 жылдығын атап өтеді. Осынау мерейтойлық датаға орай Парламентте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен рақымшылық туралы Заң қабылданды.
Бұл акт ел азаматтарының құқықтық санасын арттырып, ізгілік пен гуманизм қағидаттарын басшылыққа алатын құқықтық мемлекеттің бір көрінісі ретінде ерекше мәнге ие.
Жуырда облыс бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты қауіпсіздігі барынша төмен №26 мекемесінен Ата Заңның 30 жылдығына байланысты қабылданған Рақымшылық туралы Заң аясында жаза мерзімінің аяқталуына байланысты алматылық азамат бостандыққа шықты.
28 жастағы жазасын өтеушіні мекеме қақпасынан шығарып салу барысында ҚАЖ қызметкерлері оған еркін өмірдегі құқықтары мен міндеттерін мұқият түсіндіріп, қайта қылмысқа бармауына қатаң ескертті.
Айта кетейік, А есімді ер адам 2021 жылы Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының үкімі негізінде Қылмыстық Кодекстің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағымен кінәлі деп танылған.