Жамбыл облысының полиция департаментіне жаңа қызметтік автокөліктер табысталды. Өңір басшысы Ербол Қарашөкеев полиция қызметкерлеріне жаңа техникалардың кілтін салтанатты түрде тапсырды, деп хабарлайды BIZ01 ақпарат агенттігі.
Салтанатты шара барысында облыс әкімі құқық қорғау органдарының материалдық-техникалық базасын нығайту өңірдегі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің беделін арттыруға, әлеуметтік жағдайын жақсартуға және материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Сіздер заң мен тәртіпті қамтамасыз етіп, ел тыныштығы мен қоғам қауіпсіздігін сақтауда маңызды міндет атқарып келесіздер. Жаңа техникалар жұмыстарыңыздың тиімділігін арттырып, жүктелген міндеттерді жедел әрі сапалы орындауға мүмкіндік береді деп сенемін, – деді Ербол Қарашөкеев.

Биыл облыстық полиция департаментінің қажеттіліктеріне жергілікті бюджеттен 3,2 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде 2,7 млрд теңге Шу аудандық полиция бөлімінің жаңа ғимаратын салуға бағытталған. Қазіргі таңда нысанда құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар полиция департаментінің автопаркін жаңарту мақсатында 717,5 млн теңгеге 93 қызметтік автокөлік сатып алынды. Оның 88-і бүгін полиция қызметкерлеріне табысталды.
Жаңа автокөліктер құқық қорғау органдарының жедел қызмет көрсету мүмкіндігін арттырып, полиция қызметкерлерінің елді мекендердегі күнделікті жұмысының тиімділігін күшейтуге мүмкіндік береді.

Жалпы, 2024-2026 жылдар аралығында Жамбыл облыстық полиция департаментінің автопаркі 193 жаңа қызметтік көлікпен толықты. Оның ішінде 2024 жылы – 81, 2025 жылы – 19, ал 2026 жылы – 93 автокөлік сатып алынған.
Өз кезегінде облыстық полиция департаментінің бастығы Қайсар Сұлтанбаев құқық қорғау органдарының материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға көрсетіліп отырған тұрақты қолдау үшін облыс әкімдігіне алғысын білдірді.
Шара соңында жаңа қызметтік автокөліктер салтанатты шерумен сап түзеп, полиция бөлімшелеріне жол тартты. Жаңартылған автопарк полиция қызметкерлерінің қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарына пайдаланылатын болады.
