Біз кз

Таразда ҚАЖ мекемесінде жазасын өтеуші әйелдерді мерекемен құттықтады

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты №26 мекеме басшылығы жазасын өтеуші әйелдерге де көңіл бөліп, мерекелерімен құттықтады.

Бостандықта бірі — отбасының анасы, бірі — ақылшы апасы болған нәзік жандылар қылмыстарына өкінеді. Әйтседе, өз қолымен жасағандарын мойнымен көтеріп, жазасын өтеуде. Аңдамай шалыс басып, қылмыскер атанса да, жүректерінің түкпіріндегі әйелге тән мейірімділік көздерінен көрініп тұрады.

– Бүгін мекеме әкімшілігі бізге ерекше жылулық сыйлап, жаралы жандарымызды түсінуге тырысты. Барынша көңілімізді көтеру мақсатында мерекелерімен құттықтап, гүл шоқтарын ұсынды. Бұл қаяу көңілдерімізге қуаныш ұялатып, бостандыққа шығуға деген талпынысымызды арттырып, үміт сыйлайды, — дейді сотталған әйелдің бірі.

Рас, жүректері жаралы, жандары жабырқау тартқан жандар ертерек жазасын өтеп шығып, отбасыларымен қауышқылары келеді. Ұрпақ тәрбиелеп, адал еңбек етуді, абайсызда жағылған қара күйеден тазарып, ағайын-туыстың алдында жүздерінің жарқын болуын қалайды.

—  Үйде болғанда балаларым да мерекемен құттықтар еді. Осылай болу керек болған шығар, бірақ, осыған да шүкір. Мекеме басшылығының бізді ескеріп, елеп отырғаны үшін алғысымызды білдіреміз, – деді жазасын өтеуші нәзікжандының бірі.

 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.