
Ұлыстың Ұлы күні өңірлік Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты №26 мекемесіндегі арнайы контингент өкілдері арасында мерекелік атмосфера қалыптасты. Дәлірек айтқанда, бұл күні олар ұлттық спорттың бірнеше түрінен сынға түсіп, өзара кім мықтыны анықтады. Атап айтқанда, сотты болған азаматтар кермеге тартылу (турник), гір тасын көтеру және арқан тартыс ойындарына белсене қатысып, жеңіске жетуге талпынды. Ал сайыс қорытынды негізінде тұғыр биігінен көрінгендерге мекеме басшылығы тарапынан лайықты сый-сияпат табыс етілді.
– Наурыз мерекесі – жаңару мен жақсылықтың, бірлік пен ынтымақтың символы. ҚАЖ қызметкерлері үшін мекемедегі тәртіпті қамтамасыз етумен қатар, жазасын өтеуші азаматтардың мәдени-спорттық жарыстарға белсенді атсалысуына қолайлы жағдай жасау маңызды. Ал мұндай іс-шаралар арнайы контингент өкілдері арасында өзара түсіністікті қалыптастырып, сондай-ақ ата-бабамыздан қалған асыл мұраларды ұмытпауға үндейді, – делінген мекеме әкімшілігі таратқан ақпаратта.