Жалпы, әз-Наурыз мерекесі – ертеден табиғатта тазалықты сақтауға үндейді. Бір сөзбен айтқанда, мерекенің мәні – қыстан көктемге шығу, табиғаттың жаңа өмір бастауы – осының нышаны.
Елімізде жарияланған жалпыұлттық «Наурызнама» онкүндігінің соңғы күні ұлттық экологиялық науқанға арналған. Тазару күні – мемлекеттің экологиялық түйткілдерді шешуге бағытталған ілкімді іс-шараларына азаматтардың қолдау көрсетуі.
Бүгін, 23 наурыз – Тазару күнінде Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты қауіпсіздігі барынша төмен №26 мекемесінің жеке құрам қызметкерлері табиғатты қорғаудың заманауи талаптарымен ұштастыра білді. Осылайша, олар жаңару мен бірліктің мерекесіне символдық нүкте қоя отырып, мекеме аумағын күл-қоқыстан арылтты.
– «Тазалық – саулық негізі, саулық – байлық негізі». 23 наурыз – Тазалық күнінде мекеме қызметкерлері бейқам қалмады. Таза жерге құт қонар. Өркенді өңірімізді бірге тазартып, көркейтуге үлес қосайық, – делінген мекеме әкімшілігі таратқан ақпаратта.