Бүгінгі таңда өңірлік Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты қауіпсіздігі барынша төмен №26 мекемесіндегі жазасын өтеушілердің тарихи-танымдық көзқарастарын қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, бүгін дәл осы мекемедегі сотты болған азаматтардың назарына «Томирис» фильмі ұсынылды.
Айта кетейік, ұлы даланы ұлықтаған патшайым туралы туынды екі жарым жыл бойы түсірілген еді. Фильмге еліміздің танымал кино жұлдыздары түсті. Атап айтқанда, Димаш Ахимов, Ерік Жолжақсынов, Байкенже Белбаев, Берік Айтжанов, Еркебұлан Дайыров, Мұрат Бисенбин, Азамат Сатыбалды, Әділ Ахметов, Айжан Лайджи, Аян Өтепберген, Асылхан Төлепов, Асхат Үрпеков және тағы басқа актерлар бар. Ал Кирдің рөлін Ридли Скоттың «Царство небесное» фильмінде Саладин патшаны сомдаған Голливуд актері Гасан Масуд ойнап шықты.