Біз кз

«ЕЛГЕ ҚЫЗМЕТ – АБЫРОЙЛЫ МІНДЕТ»

Мемлекеттік қызмет, құқық қорғау органдары және сот жүйесі – қоғамдағы тұрақтылық пен заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ететін маңызды салалар. Бұл бағыттарда еңбек ететін мамандардың кәсібилігі мен жауапкершілігі мемлекеттің тиімді қызмет етуіне, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігінің қорғалуына тікелей әсер етеді. Сондықтан мемлекеттік қызметші, полиция қызметкері және сот саласының маманы болу үлкен жауапкершілікті талап ететін әрі құрметке лайық мамандықтардың бірі болып саналады.

Осыған орай кеше аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызметшілерінің күні, Полиция күні және Судья мен сот қызметкерлерінің кәсіби мерекелеріне арналған «Елге қызмет – абыройлы міндет» атты салтанатты жиын өтті. Үш бірдей маңызды саланың өкілдерін ұлықтауға арналған мерекелік шараға мемлекеттік қызметшілер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, сот жүйесінің мамандары, сала ардагерлері және аудан тұрғындары қатысты.

Салтанатты жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнімен ашылды. Мерекелік басқосуда алғаш болып сөз алған аудан әкімі Сәкен Мамытов қатысушыларды кәсіби мерекелерімен құттықтап, мемлекеттік қызметшілердің, полиция қызметкерлері мен сот саласы мамандарының қоғам өміріндегі ерекше рөліне тоқталды. Ол өз сөзінде бұл салалардың жұмысы халықтың әл-ауқатымен, қоғамдық тәртіппен және заң үстемдігімен тікелей байланысты екенін атап өтіп, сала мамандарына қажырлы еңбектері үшін ризашылығын білдірді. Сонымен қатар олардың алдағы қызметтеріне табыс, отбасыларына амандық және зор денсаулық тіледі.

Мерекелік жиында аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков те сөз сөйлеп, мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты нығайтуда мемлекеттік қызметтің маңызы зор екенін атап өтті. Өз кезегінде аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Ринат Оразбайұлы әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтап, құқық қорғау саласының қызметкерлері тәулік бойы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп жүргенін айтты.

Шара барысында өз міндеттерін адал әрі абыроймен атқарып жүрген бірқатар қызметкерлер марапатталды. Қоғамдық тәртіпті сақтау, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін сала мамандарына Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табыс етілді. Сонымен қатар бірқатар азаматтар «Ауданға сіңірген еңбегі үшін!» төсбелгісімен марапатталды. Бұдан бөлек аудан әкімінің, аудандық мәслихаттың және аудандық полиция бөлімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарына ие болған қызметкерлердің еңбегі көпшілік алдында жоғары бағаланды.

Марапаттау рәсімі кәсіби міндеттерін жауапкершілікпен атқарып жүрген мамандарға көрсетілген құрметтің айқын көрінісі болды. Мұндай шаралар мемлекеттік қызметтің беделін арттырып қана қоймай, жас мамандарды ел игілігі жолында адал еңбек етуге ынталандырады.

Салтанатты жиын мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасты. Кеш барысында әнші Мөлдір Әуелбекова аудан тұрғындарына өнерін тарту етіп, өзінің танымал әндерін орындады. Сонымен қатар аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. «Айжанқыз» халықтық бишілер ұжымы түрлі би қойылымдарын ұсынып, мерекелік шараның ажарын аша түсті.

«Елге қызмет – абыройлы міндет» атты салтанатты жиын мемлекеттік қызметшілердің, полиция және сот саласы қызметкерлерінің қоғамдағы маңызды рөлін айшықтап, олардың ел алдындағы адал еңбегіне көрсетілген құрметтің жарқын көрінісіне айналды. Халық игілігі жолында еңбек етіп жүрген мамандардың кәсіби мерекесі аудан тұрғындары үшін де ерекше мәнге ие болып, олардың қызметіне деген ризашылық пен құрметтің белгісі болды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.