26 маусым – халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні. Осыған орай еліміз бойынша халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес айлығы басталды. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың қатысуымен басталған айлыққа әсіресе жастар көптеп тартылуда. Өйткені, бұл дерттің жастар арасында кең етек алуы байқалады. Ішкі істер, денсаулық, білім беру, жастар ісі министрліктері, комитеттер мен қоғамдық бірлестіктер, жастар бас қосып әрекет ететін айлықтан күтілетін нәтиже көп. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов жиында сөйлеген сөзінде бірқатар маңызды деректерге назар аудартты. «1987 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен 26 маусым – халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні деп жарияланды. БҰҰ мәліметтері бойынша соңғы 10 жылда есірткіге тәуелді адамдардыкң саны 22 пайызға өскен. Әлемде шамамен 275 миллион нашақор адам бар. Есірткі жыл сайын 500 мыңнан астам адамның өліміне себепші болып отыр.
19 миллион халқы бар Қазақстан үшін есірткіге тәуелділіктің тіпті елеусіз көрсеткішінің өзі де ұлттық қауіпсіздікке айтарлықтай әсер етеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында есірткінің, оның ішінде синтетикалық есірткінің таралуын болашақ ұрпақтың әл-ауқатына қауіп төндіретінін айрықша атап өткен болатын. Ағымдағы жылы 11 мамырда бңз есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл және нашақорлықтың алдын алу шараларын жетілдіру жөніндегі 2022-2023 жылдарға арналған «Жол картасын» бекіттік. Онда жастар арасындағы нашақорлықтың алдын алу мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органдардың рөлі күшейтілді. Үкіметтік емес ұйымдар мен еріктілердің аталған картаны жүзеге асыруға қатыстырылуы қарастырылды, – деді ол. Сондай-ақ ол 26 маусымға дейін ел бойынша әрбір жасөспірім мен олардың ата-анасына есірткінің зияны бойынша түсіндіру жұмыстары кең ауқымда өткізілетінін атап өтті.
Ал денсаулық сақтау министрлігі бүгінде еліміз бойынша 18504 нашақор тіркелгенін айтады. Өкініштісі, олардың 1493-і әйелдер болса, 94-і кәмелеттік жасқа толмаған балалар болып отыр.
Айлықтың басталуына орай өткен жиында Жамбыл облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Нұржан Рахметуллаев өңірде есірткі қылмыстары мен нашақорлықтың алдын алу және жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында атқарылып жатқан іс-шараларды атап өтті. Бұл бағытта спорттық-мәдени, қайырымдылық іс-шаралары, семинарлар, кездесулер мен дәрістер өтеді деп жоспарлануда. Бұған қоса, қажет деген азаматтарға психиатр, нарколог, тағы басқа медицина мамандарының ақысыз кеңес беретін ашық есік күндері өткізіледі.
«Есірткі пайдаланудың алдын алу және олардың заңсыз айналымына қарсы күрес – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Психоактивті заттардың денсаулыққа тигізетін зияны туралы халықты ақпараттандыру деңгейін арттыруға қатысты осындай іс-шаралар азаматтардың есірткі құралдарын тұтынудан бас тартуына ықпал етеді. Осы орайда, барша облыс тұрғындарын аталған айлыққа белсене атсалысуға, есірткіге қарсы күресте бірлесіп күш салуға шақырамын!» дейді Нұржан Рахметуллаев.
Айта кетейік, өңір жастары, жастар қоғамдық бірлестіктері мен жастар ұйымдарының жетекшілері де аталған шараға белсене қатысып, алдағы уақытта есірткі мен нашақорлыққа қарсы тиісті органдармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтіндіктерін жеткізді.