Біз кз

САРЫСУЛЫҚ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР ЖЕҢІМПАЗ АТАНДЫ

23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күніне орай Тараз қаласындағы Тараз-Арена спорт кешенінде мемлекеттік қызметшілер арасында дәстүрлі спартакиадалық жарыстар ұйымдастырылды. Аталған спорттық додаға Жамбыл облысының қала және аудан әкімдіктерінің командалары қатысып, өзара мықтыларды анықтады.

Сайысқа Сарысу ауданы әкімдігі аппаратының басшысы Құдайберген Рысдәулет бастаған аудандық құрама команда қатысып, спорттың бірнеше түрінен аудан намысын абыроймен қорғады. Жарыс бағдарламасына футзал, волейбол, баскетбол, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, жүзу, шахмат, қазақ күресі және киберспорт секілді спорт түрлері енгізіліп, қатысушылар өзара тартысты бәсекеде бақ сынасты.

Мемлекеттік қызметшілер арасында салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту және әріптестік қарым-қатынасты нығайту мақсатында өткізілген жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Қатысушылар спорттық шеберліктерін көрсетіп қана қоймай, командалық бірлік пен ұйымшылдықтың жарқын үлгісін танытты.

Жарыс қорытындысы бойынша Сарысу ауданының спортшылары жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Атап айтқанда, баскетбол спорт түрінен аудан командасы қарсыластарынан басым түсіп, жарыстың жеңімпазы атанды. Бұл жетістік команданың тыңғылықты дайындығы мен ауызбіршілігінің нәтижесі болды.

Сондай-ақ қазақ күресінен 100 келіден жоғары салмақ дәрежесінде аудан әкімі аппаратының инспекторы Олжас Бейсен, 100 келі салмақ дәрежесінде Жайылма ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Шерхан Бейсенбайұлы және 80 келі салмақта Жаңатас қаласы әкімі аппаратының бас маманы Нұрсәулет Бапетов жеңіс тұғырынан көрініп, алтын медаль иегерлері атанды.

Бұдан бөлек, тоғызқұмалақ сайысында аудандық білім бөлімінің бас маманы Жеңіс Мұсаахметов үздік нәтиже көрсетіп, бірінші орынды жеңіп алды. Ал үстел теннисі бойынша Жаңаарық ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Айбек Жұмадулла қарсыластарынан озып шығып, алтын медальға қол жеткізді.

Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер ұйымдастырушылар тарапынан арнайы дипломдармен, медальдармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.

Аталған спартакиада мемлекеттік қызметшілер арасында дене шынықтыру мен спортты дамытуға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға және мемлекеттік қызмет саласындағы әріптестік байланысты нығайтуға бағытталған маңызды шаралардың бірі болды. Сарысулық спортшылардың жоғары жетістіктері ауданның мерейін үстем етіп, өңір спортының дамуына қосылған елеулі үлес ретінде бағаланды. Бұл жеңістер аудан қызметкерлерінің тек кәсіби қызметте ғана емес, спорт саласында да биік белестерді бағындыра алатынын тағы бір мәрте дәлелдеді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.