Біз кз

Қайырымдылық шараларынан шет қалмаймыз

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының негізгі мақсат-міндеті айқын. Солардың ішінде, басты ұстанымның бірі – қайырымдылық жасау. Осы ретте ассамблея мүшелерінің әрқайсысы, барлық этно-мәдени бірлестіктер қайырымдылық жасай шараларынан ешқашан шет қалып жатпағанын айта кеткен жөн.

Облыстық этномәдени бірлестіктердің Қаңтар оқиғасына байланысты «Күшіміз бірлікте», «Жақсылық айы», «Құдайы тамақ», «Жылу», «Мейірімділік керуені», Алғыс айту күніне «Берекеміз – бірлікте», «Жан жылуы» акциялары, Наурыз мерекесіне орай облыстық ассамблеяның «Мейірімді жүрек», Құрбан айт мерекесіне орай «Ізгілік айы» акциясы, «Мектепке жол», Қостанай облысындағы қайғылы оқиғаға көмек, Республика күніне орай «Жанашыр жүрек» қайырымдылық акциялары ұйымдастырылды. Қаңтар оқиғасына байланысты «Күшіміз бірлікте» акциясында «Тараз қаласының өзбек орталығы» қоғамдық бірлестігі 1080 адамға 1 520 000 теңгеге, «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің өкілдері 1000 адамға, яғни әкімшілік және полиция басқармасының қираған ғимараттарын қалпына келтіріп жатқан полиция қызметкерлері мен жұмысшыларға түскі ас ұйымдастырды. «Жақсылық айы» акциясы бойынша «Ахыска» түрік этномәдени орталығы Байзақ ауданының Бурыл ауылындағы мұқтаж 10 отбасыға 100 000 теңгеге азық-түлік пакеттерін таратты және «жіті лимфобластық лейкоз» диагнозы қойылған бүлдіршінді емдеу үшін оның ата-анасына 3 200 000 теңгеге материалдық көмек көрсетті.

«Вынхуа» этномәдени бірлестігі 4 164 000 теңгеге Алматы және Алматы облысының тұрғындарына азық-түлік, көкөністер жіберді. Жамбыл облысының блокпосттарында болған құқық қорғау органдарының қызметкерлері, әскери қызметшілер үшін ыстық түскі ас ұйымдастырды.

ҚХА «Ассамблея жастары» өңірлік қоғамдық бірлестігі «Жылу» қайырымдылық акциясы аясында тұрғылықты үйлері өрт құрсауында қалған көпбалалы Табуровтар отбасына қайырымдылық қорын ашып, 200 000 теңгеге тұрмыстық қажетті заттар, азық-түлік, балаларға тәттілер жеткізді. Бұған қоса планшет сыйлады.

Алғыс айту күніне орай «Мейірімді жүрек» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылып, облыстық ҚХА мүшелері 200 000 теңгеге 20 отбасына, неміс этномәдени орталығы (Гибнер А.А.) 450 000 теңге көлемінде азық-түлік түрінде көмек берді. «Жамбыл облыстық гректер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, «Альбакер турист компани» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Буюкиди Георгий 1 отбасына 15 миллион теңге қаражатқа Тараз қаласынан 2 бөлмелі пәтер алып берді.

Ұйғыр этномәдени орталығы Қаңтар оқиғасы кезінде қиыншылыққа тап болған 5 отбасына 50 мың теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетті. Жуалы аудандық «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігі төрағасы Лечи Өздамиров 14 отбасын 200 мың теңгеге сүт өнімдері, өсімдік майымен қамтамасыз етті. Қордай, Жамбыл аудандарында дүнген этномәдени орталығы меценаты Лугмар Буларовтың көмегімен аурухана емделушілеріне, аудан ардагерлеріне 500 мың теңгеге 250 адамға түскі ас таратты. Сонымен қатар дүнген кәсіпкерлері 30 мың теңгеден 8 отбасына ақшалай сертификат, 1 500 000 теңгеге 1 отбасына жеке көмек, 30 адамға азық-түлік пакеті түрінде жалпы көлемі 3 миллион теңгеге қайырымдылық шараларын ұйымдастырды.

2022 жылдың сәуір айында діни мерекелерге байланысты ҚХА мүшесі, облыстық мәслихат депутаты Лугмар Буларов пен Жамбыл облыстық «Вынхуа» дүнгендер этномәдени бірлестігінің төрағасы Айша Идыбо мен дүнген кәсіпкерлері 3500 000 теңге көлемінде 250 адамға арналған қайырымдылық түскі ас ұйымдастырып, 50 адамға азық-түлік салынған себеттер таратыпты. Сондай-ақ аз қамтылған көпбалалы 38 отбасына да көмек көрсетілген. Қордай ауданында 300 адам, аудандық полиция бөлімі, аудандық орталық аурухана, ардагерлер кеңесі секілді бірқатар кәсіпорындар мен ұйымдар қайырымдылық акциясымен қамтылған.

«Ахыска «түрік этномәдени орталығы»қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалынан Шу, Меркі, Қордай, Байзақ, Жамбыл аудандары мен Тараз қаласының 100 аз қамтылған отбасына 1,5 миллион теңгеге азық-түлік себеттерін алған. Бұған қоса Жамбыл облысының «Немістер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің өкілдері аз қамтылған 60 отбасыға 500 000 теңгеге азық-түлік таратып, дәрі-дәрмек берді.

Сонымен қатар, Жамбыл облыстық ҚХА Аналар кеңесі де белсенді түрде қайырымдылық көмек көрсетуде. Оның төрайымы Мухаббат Миражапова мен мүшелері қиын өмірлік жағдайдағы балаларды қолдау орталығының 40 тәрбиеленушісіне 200 000 теңге көлемінде азық-түлік пакеттерін тапсырды. Қасиетті Рамазан айында «Ахыска» түрік этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалының басшысы Махмутжон Мираддинұлы Давришев бастаған меценаттары ауқымды қайырымдылық акциясын өткізді.

Акциямен Жамбыл облысының 5 ауданы мен Тараз қаласының тұрғындары қамтылды. Атап атсақ, Шу, Меркі, Қордай, Байзақ, Жамбыл аудандарында және облыс орталығында тұратын мұқтаж жандарға жалпы сомасы 2 миллион теңгеге 140 азық-түлік жиынтығы түрінде көмек көрсетілген.

Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында өңірдегі этномәдени бірлестіктерінің меценаттары 1 миллион теңгеге қайырымдылық акциясын өткізген. Тараз қаласының 30 әлеуметтік аз қамтылған отбасына азық-түлік жиынтықтары (ұн, макарон, өсімдік майы, шай, кондитерлік өнімдер, жемістер) таратылған. Азық-түлік себетін «Вайнах «Жамбыл шешен-ингуш мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі, облыстық «Вынхуа» дүнген этномәдени бірлестігі, «Жамбыл облысының тәжік этномәдени бірлестігі», «Қарашай және балқар – Бірлік» республикалық қоғамдық бірлестігінің «Архыз» Жамбыл филиалы, облыстық және қалалық Өзбек этномәдени бірлестіктері, ҚХА меценаттары ұйымдастырыпты.

Дүнген этномәдени бірлестігі 2022 жылдың 6 айында 1150 адамға 13 миллион теңгеге қайырымдылық жасады.

Сол секілді жаңа оқу жылы қарсаңында ҚХА меценаттары, Жамбыл облысының этномәдени бірлестіктерінің өкілдері «Мектепке жол» дәстүрлі республикалық қайырымдылық акциясына белсенді қатысты. Тараз қаласының Өзбек мәдени орталығы да «Мектепке жол» акциясы аясында №4 орта мектептің аз қамтылған және мұқтаж 7 оқушыға демеушілік көмек көрсетілді. Балаларды мектепке дайындауға көмектесетін меценаттар арасында Шамұхтар Шаюнусов, Мирусман Қасымов және Шаниер Шосабиров бар, – дейді облыстық «Вынхуа» дүнгендер этномәдени бірлестігінің төрайымы Айша Идыбо.

Акция аясында Жамбыл облысы «Радонеж» орыс кеңесінің мүшелері отбасылық жағдайы төмен отбасыдан шыққан балаларға мектеп және спорт киімдерін, сондай-ақ басқа да керек-жарақтарын алып беріпті. Бұған қоса олар І топтағы мүгедектігі бар отағасына да материалдық көмек көрсеткен. Жамбыл облыстық М.Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігі «Мектепке жол» акциясы аясында оқушыларға керекті мектеп құралдарын таратқан. Еврей қауымының мүшелері Тараздағы бастауыш сыныптардың екі оқушысына оқу жылының басталуына қомақты сыйлық жасаған. Қоғам жинаған ақшаға ата-аналар балаларына мектеп формасын сатып алған.

Сонымен қатар жазбаша және компьютерлік үстелдер, орындықтар берілді. Облыстық ҚХА Қостанай облысындағы қайғылы оқиға салдарынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек ретінде керек-жарақ, азық-түлік жөнелткен. Бұл бойынша Тараз қаласында Достық үйінде жедел штаб құрылған екен. Шараға өңірдегі этномәдени бірлестіктер, меценаттар, ҚХА Аналар кеңесі, «Ассамблея жастары» белсенді қатысқан.

Бірінші болып «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігі көмек көрсетіпті. Оның өкілдері 260 мың теңге сомасына азық-түлік себеттерін сатып алып берген. Сонымен қатар оларға 300 мың теңге қаржылай көмек берілген. «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің мүшелері Тараз қаласындағы «AMANAT» партиясының ғимаратында орналасқан облыстық штабқа азық-түлік жеткізіп берген. М.Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігі 100 000 теңге, қарашай-балқар этномәдени бірлестігі 50 мың теңге қаржы аударды. Жамбыл облысының тәжік этномәдени бірлестігі 200 мың теңге, ал «Жамбыл облыстық немістер қоғамы» қоғамдық бірлестігі 100 мың теңге көлемінде қаржылай көмек қолын созған. Бұған қоса облыстық «Днепро» украин этномәдени бірлестігі 25 мың теңге аударса, ҚХА мүшесі Юрий Минаков зардап шеккендерге көмек ретінде 50 мың теңге жіберіпті.

 

Бибігүл Шахзада, «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз орталығының жетекшісі.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.