Біз кз

«Мерейлі отбасылар» марапатталған күн

«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы 2014 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Осы уақыт аралығында еліміздегі мыңдаған отбасы аталған байқауда бақ сынап, мерейлері тасып жатқан жайы бар. Биыл сегізінші рет өткізілген байқауға Жамбыл облысынан 247 отбасы қатысуға өтінім берген.

Айта кетейік, 2014 жылдан бастап облыс бойынша 1500-ден астам отбасы бақ сынаған екен. Олардың 60 пайызынан астамы көпбалалы және 185-і интернационалдық отбасылар.

Биыл байқаудық аудандық және қалалық кезеңі 15 мамыр мен 15 маусым аралығында өткізілген болатын. Олардың арасынан арнайы комиссияның шешімімен облыстық кезеңге 22 отбасы жолдама алған. Ал ағымдағы жылдың 8 шілдесінде облыстық комиссия отырысы өткізіліп, онда облыстық кезеңнің жеңімпаз және жүлдегер отбасылары анықталған.

Күні кеше сол «Мерейлі отбасылар» өздерінің көптен күткен жүлделі орындарына ие болып, марапатталды. Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев үлгілі отбасыларды арнайы құттықтап, сый-сияпатын табыс етті.

Тараз қаласындағы «Анаға тағзым» орталығында өткен марапаттау рәсімі отбасылық бірлік пен берекенің мерекесі іспетті болды.

Бас жүлде Тараз қаласынан қатысқан Ержановтар отбасына бұйырды. Олар 1988-1989 жылдары аралығында отбасылық үлгідегі «Ержановтар» жанұясын ашып, өзінің 7 баласынан бөлек, 12 баланы (7 ұл, 5 қыз) өз қамқорлығына алған. Бүгінде Ержановтар жанұясының отбасылық үлгісіндегі балалар үйі  жабылса да (кәмелет жасқа жетуіне байланысты),  тәрбиеге алған 2 ұл, 1 қыз әлі де Ержановтар отбасымен бірге тұрады. Сондай-ақ, ата-анасының жолын ұлы Артур Ержанов жалғастырып, ол өзінің 7 ұл-қызынан бөлек, қамқорлығына 7 бала (4 ұл, 3 қыз) алған. Олар биыл тағы 6 бала асырап алуды жоспарлауда.

Ал бірінші орын алған байзақтық Мамырбаевтар отбасы 9 ұл  6 қыз дүниеге әкеліп,  36 немере 40 шөбере өсіруде. Бұл отбасының құрылғанына – 65 жыл.  Отбасы мүшелерінің барлығы дерлік отағасы С.Мамырбаевтың жолн жалғап, білім беру саласында еңбек етуде.

Т.Рысқұлов ауданынан бақ сынаған Далибаевтар отбасы екінші орын алды. Олар елдің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып келе жатқан белсенді, меценат жандар. Отбасы Қорағаты ауылындағы тұрмысы төмен жалғызбасты анаға 4 миллион теңгеге  4 бөлмелі үй сатып алып берген болатын. 2018 жылғы «Жомарт Жүрек»  байқауының жеңімпазы. Пандемия кезінде Қорағаты ауылының аз қамтылған отбасыларына қаржылай көмек көрсетсе, ауылдағы бокс мектебіне 500 мың теңгеге спорттық құрал-жабдықтар алып берген. Отбасында 7 ұл-қыз тәрбиелеуде екен.

Ал қордайлық Вансинвин отбасы үшінші орыннан көрінді. Олар этносаралық келісім мен бірлікті нығайтуға елеулі еңбек сіңіріп жүрген жанұя ретінде танымал. Сортөбе дүнген этномәдени орталығының ұйымдастыруымен ауданның қоғамдық өміріне белсене араласады. Жыл сайын «Мектепке жол» акциясына белсене қатысып, №16, 17, 18, 48 және басқа да мектептердің оқушыларын мектеп формаларымен қамтамасыз етуде.

«Отан-отбасынан басталады» десек, үлкен мемлекеттің ертеңі әрбір отбасының дамуына байланысты қалыптасатыны сөзсіз. Отбасы құндылығын насихаттап,  жанұя татулығы мен бірлігін нығайтуға атсалысатын байқауға қатысушылардың бәрі де әулеттің абыройын асырып, шаңырақтың шаттығына бөленіп отырған жандар» —деді өз сөзінде жеңімпаздарды құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Еркінбек Үйсімбаев.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.