Біз кз

Таразда шала туған нәрестенің көзіне ота сәтті жасалды

2025 жылғы 12 сәуірде Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының перинаталдық орталығында жүктіліктің 28-аптасында салмағы 845 грамм болатын шала туған сәби дүниеге келді. Нәрестеге уақытылы неонаталдық көмек көрсетілді.
1,5 айлық кезінде жүргізілген жоспарлы офтальмологиялық скрининг нәтижесінде сәбиден шала туған балаларға тән көздің тор қабығы ауруы — ретинопатияның III сатысы анықталды.
Орталықтың офтальмолог дәрігерлері шұғыл түрде тор қабыққа лазерлік коагуляция жасап, «Луцентис» препаратын көз арты аймағына енгізді. Жоғары технологиялы медициналық көмектің арқасында нәрестенің жағдайы жақсарып, тұрақтанды. Қазіргі уақытта анасы мен сәби үйге шығуға дайындалып жатыр.
Перинаталдық орталықтың неонатология жөніндегі бас дәрігердің орынбасары Талғат Толықбаевтың айтуынша, биыл орталықта алғаш рет шала туған нәрестелердің ретинопатиясына ота жасала бастады. Бұрын мұндай балалар облыстан Алматы қаласындағы арнайы орталықтарға жіберілетін. Сонымен қатар, шала туған нәрестелердің көз ауруларын дер кезінде анықтап, тиімді емдеу мақсатында офтальмология саласының мамандары – Айгүл Кенжеханқызы Бекқұлиева мен Руслан Рашидұлы Әбдүкәрімов шала туған нәрестелердің көздің тор қабығы ауруы – ретинопатиясын диагностикалау және операциялық емдеу бойынша арнайы оқудан өтіп, біліктіліктерін арттырды. Бұл қадам перинаталдық орталықта жоғары мамандандырылған офтальмологиялық көмекті жергілікті деңгейде көрсетуге мүмкіндік берді.
— Енді бұл оталар өзіміздің орталықта жасалатын болды. Бұл — медициналық көмектің қолжетімділігі мен жеделдігін арттырады. Сонымен қатар, орталықта жүрек, кеуде, іш қуысы және жүйке жүйесіне байланысты күрделі операциялар да сәтті жүргізілуде. Барлық қызметтер Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында тегін көрсетіледі, — деді Талғат Толықбаев.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.