Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орайластырылған іс-шаралар легі Жамбыл облысында жыл бойы өз жалғасын табуда. Соның бірі Сарысу ауданына қарасты Жаңаталап ауылында өтті.
«Желбіре, Жеңістің жалауы» атты өнер фестивалі тарихқа тағзым, бабалар рухына құрмет көрсетумен басталып, бейбіт күннің құндылығын дәріптеумен жалғасты.
Әнмен әрленіп, күймен көмкерілген кешке Сарысу ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Ермағанбетов, Сарысу аудандық алқабилер кеңесінің төрағасы Қалмырза Жандарбек, Сарысу аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Сахарай Қырғызбаев және ауыл тұрғындары қатысты.
Шарада аудан әкімінің орынбасары Ерлан Дайрабайұлы құттықтау сөз сөйлеп, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арқау болған өнер фестивалінің басты мақсаты — ардагерлердің ерліктерін насихаттау, ауылдан шыққан өнерпаздардың шығармашылығын шыңдау екенін атап өтті.
Ыбырайым Сүлейменов атындағы мектеп оқушылары соғыс жылдарынан көрініс беретін арнайы сахналанған қойылымды көпшілік назарына ұсынып, қошеметке ие болды.
Сонымен қатар, фестивалде қолөнер шеберлерінің арнайы көрмесі ұйымдастырылып, спорттық сайыстар өтті. Спорттық жарыстарда топ жарған жеңімпаздар арнайы дипломдармен және медальдармен марапатталды. Ал ауылдың күміскөмей әншілері әуелете ән шырқаса, бишілер мың бұрала би билеп, фестивальдің көркін кіргізді.
Сарысу ауданы әкімінің баспасөз қызметі барлық ауылдық округті қамтитын өнер фестивалі күз айында Жаңатас қаласында өтетін гала концертпен қорытындыланатынын жеткізді.
Маржан Кәрімжанқызы.