Саналы ұрпақ өсіріп, артына өшпес із қалдырған Ұзақбай Сыздықбаевтың туғанына 100 толып отыр. Көзі тірісінде Республика дәрежесіндегі қызметкер әрі зейнеткер болған, Ұлы Отан соғысының ардагері, еліне еселі еңбек етіп, ауданымыздың әлеуметтік және экономикалық дамуына сүбелі үлесін қосып әрі басшылық қызмет атқарды. Қазақта «Ер есімі — ел есінде» деген даналық сөз бар. Үлкен абырой мен құрметтің биігінен көрінген Ұзақбай Сыздықбаевтың есімі мәңгі жасай бермек.
Бүгін Ұзақбай Сыздықбаев ауылында қоғам қайраткерінің 100 жылдық мерейтойына арналған кешенді іс шаралар легі өткізілді. Алдымен ауылдың кіреберісінен салынған жаңа арканың ашылу салтанаты өтті. Шараға аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Жанғозы Жаркенов, аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Аппазов пен кеңес мүшелері, зиялы қауым өкілдері, Байзақ ауданы әкімі бастаған делегация, Мемлекет және қоғам қайраткері Мұхамедқали Шәкенов, Ұ.Сыздықбайұлымен бірге иық тіресе қызмет жасаған замандастары, ұрпақтары және туыстары мен ауыл тұрғындары қатысты.
Аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Жанғозы Өмірғалиұлы құттықтау сөз сөйлеп, Ұзақбай Сыздықбаевтың өнегелі өмір жолы мен ерлік істеріне тоқталды. Мұнан соң аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков, Байзақ ауданының әкімі Олжас Баққараев, Мемлекет және қоғам қайраткері Мұхамедқали Шәкенов те ізгі тілектерін жолдады. Жаңа арканың лентасын Мұхамедқали Шәкенов пен ауылдық ардагерлер кеңесінің мүшесі Ермекбай ақсақал салтанатты жағдайда қиды.
Сондай-ақ, Ұзақбай Сыздықбаевтың 100 жылдық мерейтойына орай
«Ұзақбай Сыздықбаев атындағы саябақ» ауыл тұрғындарының игілігіне берілді. Жаңа саябақ жанға сая, кешкі серуенге таптырмас орынға айналары сөзсіз. Саябақтың ашылу салтанатында Сарысу ауданы әкімінің уақытша міндетін атқарушы Жаңғозы Жаркенов, аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Аппазов, кеңес мүшесі Бәсие қария және Ұзақбай Сыздықбаевтың қызы Шолпан Ұзақбайқызы сөз сөйлеп, жаңа саябақ ауылдың көркін ашатындығын айтты. Саябақтың лентасын ардагерлер кеңесінің мүшелері Қалмырза Сейдіғаппарұлы, Шолпан Ұзақбайқызы және Жұмашбек қария салтанатты жағдайда қиды.
Аядай ғана ауылдың берекесіне айналған шараның соңы концерттік бағдарламаға ұласып, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әуелете ән шырқап, бишілер мың бұрала биледі. Сонымен қатар, Ұзақбай Сыздықбаевтың ұрпақтары құран бағыштап, жиылған көпшілікке ас берді.
Келесі кезекте Жаңаарық ауылдық округіне қарасты, Ұзақбай Сыздықбаев ауылында қоғам қайраткерінің 100 жылдығына арналған ересектер арасында футболдан дәстүрлі аудандық турнир өтті.
Турнирдің ашылуына қатысқан аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ермағанбетов құттықтау сөз сөйлеп, жас спортшыларға сәттілік тіледі.
Сайысқа қала мен ауылдық округтерден ала доп шеберлерінен құралған спортшылар қатысып, бақтарын сынады. Тартысты өткен жарыстың қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер ұйымдастырушылар тарапынан дипломмен, кубокпен, медальдармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Сарысу ауданы әкімінің баспасөз қызметі.