Бүгін өңірлік Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты қауіпсіздігі барынша төмен №26 түзеу мекемесіндегі жазасын өтеушілер арасында рақымшылыққа ілінген және босатылатын сотты болғандарға есірткі қылмыстарын жасамау мен алдын алу мақсатында дәріс өткізілді.
Жиынға облыстық полиция департаментіне қарасты есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілдері Абылай Есболатов пен Ғазиз Мамбетов қатысып, есірткіге есі кеткендердің айылын жидыру үшін құзырлы органдар тарапынан ауыз толтырып айтарлықтай жүйелі жұмыстар атқарылғанын атап өтті. Бұдан бөлек басқосу барысында түзеу мекемелеріндегі арнайы контингент арасында есірткі қылмыстарының алдын алу мақсатында әзірленген бейнеролик сотты болғандардың назарына ұсынылды.
Айта кетейік, ілгеріде полиция қызметкерлері 35 жыл бойы байырғы картамен жұмыс істеп келген еді. Ертеректегі дерек бойынша жабайы қарасора өсірілетін алқап 138 мың гектардан асып жығылатын. Ал былтыр ғана жасалған жаңа карта алқаптың екі есеге азайғанын айқындап берді.
biz01.kz