Жалпы, спортпен шұғылдану – әрбір адамның ақыл-ойын дамытып, оның әркез сергек және белсенді жүруіне оң ықпал етеді. Ал пенитенцианарлық жүйеде жазасын өтеушілерді түзелудің жолына түсірудің бір тетігі – спорттық-мәдени іс-шаралар. Бұл күнде сотты болғандардың арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, олардың бойында адамгершілік тәрбие мен моральдық-этикалық түсінікті арттыру мақсатында мұндай шаралар жүйелі түрде өткізілуде.
Жуырда Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ұйытқы болуымен №25, 26, 58 және 59 түзеу мекемелеріндегі жазасын өтеушілер арасында шахматтан турнир өтті. Онлайн форматта өткен жарысқа облыстық шахмат федерациясы қоғамдық бірлестігінің төрағасы, шахматтан облыстың аға жаттықтырушысы, қазақстандық шахмат федерациясы республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Алибек Утеулиев пен қазақстандық шахмат федерациясы республикалық қоғамдық бірлестігінің менеджері Әлихан Момынжанов арнайы қатысты.
Сотты болғандар арасындағы Шахмат – Азаттық үшін атты 4-ші онлайн шахмат ойынына орайластырылған сайыс барысында қатысушылар өзара кім мықтыны анықтады. Нәтижесінде, қауіпсіздігі барынша төмен №26 түзеу мекемесінде жазасын өтейтін азаматтар жеңіс тұғырынан көрінді. Өз кезегінде аталған мекеме басшылығы жеңімпаздарды марапаттап, ыстық ықыласын білдірді.