«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» тас жолдардың сапасын бақылаумен қатар, жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарын орташа жөндеуге ведомствалық сараптама жүргізуді де іске асырады. Бұдан бөлек мамандар жолдардың көліктік және пайдалану жағдайын анықтау шаралары жүргізеді.
Жуырда аталған кәсіпорынның облыстық филиалындағы жетекші сарапшы Жұмахан Шәкірбаев бастаған бір топ қызметкерлер кезекті рет инспекциялық тексеру және зертханалық сынақтан өткізу үшін жол-құрылыс материалынан сынама алды. Бұл күні Тараз қаласында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан нысандардың бірі – Смоленская көшесінен керн алынып, нормативтік талаптарға сәйкестігін анықтау мақсатында зертхана мамандарына тапсырылды.