Республика күні қарсаңында Меркі ауданында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында ішкі көші-қонды ынталандыру және жұмыс күші тапшы өңірлерге азаматтарды қоныстандыру мақсатында өңіраралық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Аталған шараға Ұлытау және Абай облыстарынан арнайы делегациялар келіп, өз өңірлеріндегі сұранысқа ие мамандықтар мен еңбек нарығындағы мүмкіндіктер туралы кеңінен ақпарат берді.
Жәрмеңкеге аудан тұрғындары, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласының мамандары, Мансап орталығы қызметкерлері, сондай-ақ тұрақты жұмыс іздеген азаматтар қатысты. Іс-шараның басты мақсаты – жұмыссыз азаматтарға жаңа өңірден лайықты жұмыс табуға жағдай жасау және еңбек ресурстарының тең бөлінуіне ықпал ету. Бұл шара шын мәнінде жұмыс күшіне сұраныс пен ұсыныстың тиімді тоғысу алаңы болды.
Кездесу барысында делегация өкілдері Ұлытау және Абай облыстарындағы кәсіпорындар, ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау, құрылыс сияқты салаларда ашық қалған вакансияларды таныстырды. Сонымен қатар қоныс аударған азаматтарға берілетін мемлекеттік қолдау түрлері – көшу шығындарын өтеу, үй жалдауға субсидия, жұмыспен қамту және бейімдеу шаралары егжей-тегжейлі түсіндірілді. Жәрмеңкеге келген мамандар қатысушылардың жеке сұрақтарына жауап беріп, көшуге ниетті азаматтарға жеке кеңес өткізді.
Айта кетейік, өңірде 2025 жылы жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 58 442 адам тарту жоспарланса жыл басынан жоспар 49,5 пайызға орындалып, 28 912 адам белсенді шараларға тартылған. Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында 2025 жылы жұмысқа орналастырудың жоспары 49041 орын болып белгіленіп, жұмыс берушілердің бос жұмыс орындарына және субсидияланатын жұмыс орындарына орналастыру арқылы қазіргі уақытта 22 753 адам жұмысқа орналасты немесе орындалуы 46,4 пайызды құрап отыр.