Біз кз

ӘДІЛ ҚОҒАМНЫҢ БАСТАУЫ — ЗАҢҒА ҚҰРМЕТ

«Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» және «Әз Тәукенің «Жеті жарғысы» – Ұлы даланың конституциясы саналған, қазақ қоғамының бірлігі мен құқықтық тәртібін қалыптастырған тарихи заңдар жүйесі. Ата-баба мұрасы болып қалған бұл қағидалар мемлекеттілікті нығайтып қана қоймай, әділдік, адамгершілік, жауапкершілік сияқты құндылықтарды ұрпақ санасына сіңіруге негіз болды.

Осы бағыттағы жұмыстарды бүгінгі күн талаптарына сай жалғастыру мақсатында Сарысу аудандық мәдениет үйінің «Коворкинг» орталығында «Заң мен тәртіп» жобасы аясында «Әділ қоғамның бастауы – заңға құрмет пен отбасындағы тәрбие» атты аудандық ардагерлер форумы өткен болатын. Шара «Сарысу» халықтық театрының «Сен үшін» көрінісімен ашылып, жиынды аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ермағанбетов жүргізді.

Форумға облыстық және аудандық деңгейдегі ардагерлер кеңесінің жетекшілері, аналар мен әкелер кеңесінің төрағалары, дін өкілдері, билер кеңесі мүшелері, полиция қызметкерлері мен үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты.

Басқосуда «Құқықбұзушылықтың алдын алу», «Отбасындағы тәрбие және жас буынның құқықтық сауаты», «Дін мен заңның қоғамдағы рөлі», «Билер тағылымы» сияқты өзекті мәселелер талқыланды. Спикерлер жастардың құқықтық мәдениетін арттыру, отбасындағы тәрбиенің сапасын күшейту, қоғамдағы жауапкершілік пен өзара сыйластықты нығайту жөнінде ұсыныстарын ортаға салды.

Форум соңында қоғам өміріне белсенді атсалысып жүрген бірқатар ардагерлерге «ЗТБ Альянс» қоғамдық бірлестігі тарапынан алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды. Іс-шара ауданның құқықтық тәрбие бағытын дамытуға, азаматтық жауапкершілікті арттыруға және отбасылық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған маңызды басқосудың бірі ретінде бағаланды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.