Қазақстанда жыл сайын 5 желтоқсанда Адвокатура күні аталып өтеді.
Бұл кәсіби мереке адвокаттардың қоғамдағы маңызды рөлін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы еңбегін құрметтеуге арналған. 5 желтоқсанның таңдалуы тарихи мәнге ие: дәл осы күні, 1997 жылы, «Адвокаттық қызмет туралы» заң қабылданып, тәуелсіз Қазақстандағы адвокатура институтының құқықтық негізі қаланды. 2022 жылы Республикалық адвокаттар алқасының бастамасымен бұл дата ресми кәсіби мереке ретінде бекітілді.
Адвокатура күні — құқықтық мемлекеттің дамуы мен әділдік қағидаттарының сақталуына үлес қосып жүрген заң саласы мамандарына арналған құрмет күні.
Адвокаттар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғап, заңды мүдделерін білдіреді, сот және тергеу органдарында әділ шешімдердің қабылдануына ықпал етеді, құқықтық мәдениетті арттыруға атсалысады. Осы мерекеге орай еліміздің түрлі өңірлерінде салтанатты жиындар, кәсіби конференциялар, үздік адвокаттарды марапаттау рәсімдері, сондай-ақ құқықтық кеңес беру, семинарлар, спорттық іс-шаралар сияқты түрлі форматтағы кездесулер ұйымдастырылады. Бүгінде Қазақстан адвокатурасы құқықтық көмектің қолжетімділігін арттыру, заңнаманы жетілдіруге қатысу, азаматтар мен бизнеске сапалы құқықтық қызмет көрсету және цифрлық құқықтық сервистерді дамыту бағытында маңызды жұмыстар атқаруда. Адвокатура институтының дамуы — құқықтық мемлекеттің нығаюы мен қоғамның құқықтық қорғалуының басты кепілдерінің бірі.
Осы атаулы күнге орай Меркі ауданының әкімі Ербол Жиенқұлов сала мамандарын қабылдап, кәсіби мерекелерімен құттықтап, арнайы марапаттады.
⠀Кездесу барысында аудан әкімі құқықтық сала өкілдерінің қоғамдағы маңызын атап өтіп, әділдік пен заң үстемдігін қамтамасыз ету жолындағы еңбектеріне жоғары баға берді.
⠀«Адвокаттардың адал еңбегі – әділдік пен тұрақтылықтың негізі. Атқарып жүрген қызметтеріңіз қоғам үшін аса маңызды», – деді Ербол Жиенқұлов.
⠀Содан соң, аудан әкімі жұмысына адалдық танытып, азаматтардың құқықтарын қорғауда үздік нәтиже көрсеткен бірқатар сала қызметкерін Құрмет грамотасы және Алғыс хаттпен марапаттады.
⠀Кездесу жылы жүздесумен, пікір алмасумен жалғасып, Ербол Жиенқұлов сала қызметкерлерінің алдағы жұмыстарына табыс тіледі.