Біз кз

«Меркі Бизнес Форумы»: жаңа инвестициялық жобалар мен серіктестік бастамалар талқыланды

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Меркі ауданында өткен «Меркі Бизнес Форумына» қатысып, өңірдің инвестициялық әлеуетін арттыру, кәсіпкерлікті қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған маңызды бастамаларды талқылады. Ауқымды іс-шараға кәсіпкерлер қауымдастығының өкілдері, өндіріс және ауыл шаруашылығы саласының мамандары, зиялы қауым өкілдері, қоғамдық ұйым мүшелері, жастар, аудан тұрғындары және қоғам белсенділері қатысты.

Форум өңір экономикасының даму қарқынын арттыруға, мемлекеттік органдар мен бизнес қауымдастық арасындағы өзара байланысты нығайтуға, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылауға және кәсіпкерлік саласындағы өзекті мәселелерді ортақ диалог алаңында қарастыруға мүмкіндік берді.

Іс-шараның ашылуында сөз сөйлеген облыс әкімі Ербол Қарашөкеев форум жұмысына сәттілік тілеп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес еліміздің барлық өңірлерінде экономиканы әртараптандыруға, инвестиция тартуға және кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.

Өңір басшысы соңғы жылдары Жамбыл облысында инвестициялық ахуалды жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Оның сөзінше, мемлекеттік қолдау шараларының тиімді жүзеге асырылуы, кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдайлардың жасалуы және жаңа өндіріс орындарының ашылуы өңірдің инвестициялық тартымдылығын едәуір арттырған.

– Соңғы үш жылда Жамбыл облысы негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі бойынша еліміздегі жетекші өңірлердің қатарына қосылды. Осы кезеңде облыс экономикасына 764,5 миллиард теңге инвестиция тартылып, республика бойынша үшінші орынға көтерілдік. Сонымен қатар тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 184 миллион АҚШ долларынан 289,7 миллион АҚШ долларына дейін өсті. Бұл көрсеткіштер өңірдің инвестициялық әлеуетінің артып келе жатқанын айқын көрсетеді. Ең бастысы, тартылған инвестициялардың 96,1 пайызын жеке инвестициялар құрап отыр. Бұл бизнес қауымдастық пен инвесторлардың Жамбыл облысының мүмкіндіктеріне деген сенімінің жоғары екенін білдіреді, – деді Ербол Қарашөкеев.

Облыс әкімінің айтуынша, инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар биыл да жалғасуда. Атап айтқанда, ағымдағы жылдың алғашқы төрт айында жалпы құны 143 миллиард теңгені құрайтын төрт инвестициялық жоба іске қосылған. Соның нәтижесінде өңірде 920 жаңа жұмыс орны ашылып, халықты жұмыспен қамту көрсеткіштері жақсарған.

Сондай-ақ жыл соңына дейін жалпы құны 458,8 миллиард теңгені құрайтын 47 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл жобалар өндіріс, ауыл шаруашылығы, қайта өңдеу өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру және басқа да маңызды салаларды қамтиды. Жобалар толық іске асқан жағдайда 2700-ден астам тұрақты жұмыс орны құрылып, өңір экономикасының дамуына тың серпін береді деп күтілуде.

Форум барысында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарға құрмет көрсетіліп, олардың еңбегі арнайы марапаттармен атап өтілді. Бұл өз кезегінде өңірдің дамуына үлес қосып жүрген кәсіпкерлер мен қоғам белсенділерінің қызметін дәріптеуге бағытталған маңызды қадам болды.

Жиында белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Намазалы Омашев сөз сөйлеп, өңірде жүргізіліп жатқан оң өзгерістерге тоқталды. Ол соңғы жылдары облыс көлемінде жаңа әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың көптеп салынуы, елді мекендердің көркейіп, тұрғындардың тұрмыс сапасының жақсаруы қоғамдағы бірлік пен тұрақтылықтың нығаюына оң әсер етіп отырғанын атап өтті.

Форум аясында білім беру саласына қатысты маңызды инвестициялық бастамалар да таныстырылды. «Novek» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Меркі ауданындағы өкілі Бахыт Көкебаев алдағы жылдары аудан аумағында жалпы құны 6 миллиард теңгені құрайтын екі заманауи колледж салу жоспарланып отырғанын мәлімдеді.

Жобаға сәйкес, білім беру мекемелерінің бірі медициналық бағыттағы мамандарды даярлауға арналса, екіншісі құрылыс саласына қажетті кәсіби кадрларды дайындайтын болады. Әрбір колледж мың студентке есептелген. Бұл оқу орындары іске қосылған жағдайда аудан мен облыс көлемінде сұранысқа ие мамандарды даярлау мүмкіндігі кеңейіп, жастардың сапалы білім алуына жаңа жағдай жасалады.

Бахыт Көкебаев өз сөзінде бүгінгі таңда еңбек нарығында кәсіби мамандарға сұраныс жоғары екенін атап өтті.

– Біздің алдымызда тұрған маңызды міндеттердің бірі – жастарға сапалы білім беру арқылы оларды болашақ мамандықтарына даярлау. Ертең ауданның, облыстың және тұтас еліміздің дамуы үшін дәрігерлер, құрылысшылар, инженерлер және басқа да білікті мамандар қажет болады. Сондықтан білім беру саласына инвестиция салу – келешекке салынған инвестиция, – деді кәсіпкер.

Форумда сөз алған «Меркі ет комбинаты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Берік Егембердиев те туған жердің өркендеуіне үлес қосу әрбір азаматтың азаматтық борышы екенін айтты. Ол кәсіпкерлерді өңірдің әлеуметтік және экономикалық дамуына белсенді атсалысуға шақырып, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттырудың маңыздылығына тоқталды.

Форумның маңызды нәтижелерінің бірі – Меркі ауданы әкімдігі мен ауданның дамуына қолдау білдірген азаматтар арасында ынтымақтастық туралы меморандумдардың жасалуы болды. Жалпы құны 360 миллион теңгені құрайтын алты меморандумға қол қойылып, тараптар әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы бірқатар жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға уағдаласты.

Аталған келісімдер аясында әлеуметтік маңызы бар нысандар салу, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бастамаларды іске асыру көзделуде. Форум қатысушылары бұл меморандумдарды ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін маңызды қадам ретінде бағалады.

Іс-шара барысында ауданның туристік мүмкіндіктерін таныстыруға да ерекше назар аударылды. Форум соңында Меркі ауданының тарихи мұрасы, табиғи ерекшеліктері, мәдени құндылықтары мен туристік әлеуетін кеңінен насихаттайтын «Меркі» фотокітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Жаңа басылымда ауданның көрікті жерлері, тарихи ескерткіштері, табиғи байлықтары мен мәдени нысандары кеңінен қамтылған. Бұл кітап өңірдің туристік тартымдылығын арттыруға және Меркі өңірін республика көлемінде кеңінен танытуға бағытталған маңызды ақпараттық жоба ретінде бағалануда.

Жалпы, «Меркі Бизнес Форумы» мемлекеттік органдар, кәсіпкерлер және қоғам өкілдері арасындағы тиімді диалог алаңына айналды. Форум барысында көтерілген мәселелер мен ұсыныстар, қол қойылған меморандумдар және таныстырылған инвестициялық жобалар ауданның әрі қарайғы әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беруге бағытталған. Мұндай бастамалар өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, кәсіпкерлікті дамытуға және тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға ықпал ететін маңызды қадам болып табылады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.