Біз кз

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА ҚАТТЫ ТҰРМЫСТЫҚ ҚАЛДЫҚТАРДЫ ҚАЙТА ӨҢДЕЙТІН ЗАУЫТТЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

Жамбыл облысында жалпы құны 305 млн АҚШ долларын құрайтын екі ірі өндірістік жобаның құрылысы басталды. Тараз қаласындағы «Тараз» индустриялық аймағында қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату және металлургия бағытындағы жаңа кәсіпорындардың іргетасына капсула салу рәсімі өтті. Іс-шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысты, деп хабарлайды BIZ01.

Аталған жобалар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту, инвестиция тарту, жаңа өндірістер ашу және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмалары аясында жүзеге асырылуда.

Алғашқы жоба – «ForYou Energy» ЖШС жүзеге асыратын қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату зауыты. Инвестиция көлемі 175 млн АҚШ долларын құрайтын кәсіпорын Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы инвестициялық ынтымақтастық аясында салынады.

Жобаның негізгі мақсаты – тұрмыстық қалдықтарды тиімді өңдеу арқылы полигондарға түсетін жүктемені азайту, қоршаған ортаға кері әсерді төмендету, баламалы энергетиканы дамыту және заманауи технологияларды өндірісте қолдану.

Компанияның бас директоры Өнербек Сейітхамзаның айтуынша, кәсіпорын екі кезеңмен пайдалануға беріледі. Бірінші кезеңді 2027 жылдың бірінші тоқсанында, екінші кезеңді 2029 жылдың үшінші тоқсанында іске қосу жоспарланған.

Жоба толық қуатына шыққан кезде тәулігіне 900 тоннаға дейін қатты тұрмыстық қалдықты өңдеп, 20 МВт-қа дейін электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді. Құрылыс кезеңінде 400 адам жұмыспен қамтылып, кәсіпорын іске қосылғаннан кейін 200 тұрақты жұмыс орны ашылады.

Сонымен қатар «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өндіріс аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, биыл күзде мұнда 1000 түп қарағаш отырғызу жоспарланған.

Екінші жоба – «Тараз өндірістік комбинаты» ЖШС мен Қытайдың Guangdong Wantai Supply Chain Co., Ltd. компаниясының бірлескен өндірісі. Жобаға 130 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынады.

Кәсіпорын металлургия саласында жоғары қосылған құны бар өнімдер шығаруға бағытталады. Компания директоры Чжоу Циньхуэйдің мәліметінше, зауыт толық қуатына шыққан кезде жылына 1 млн тоннаға дейін ыстықтай илектелген болат орамдарын, тот баспайтын болат өнімдерін, дәнекерленген және мырышталған құбырларды, профильді құбырларды, арматураны және басқа да металл өнімдерін өндіреді.

Зауыттың алғашқы кезеңін 2028 жылдың бірінші тоқсанында іске қосу жоспарланып отыр. Құрылыс барысында 500 адам еңбекпен қамтылып, кәсіпорын пайдалануға берілгеннен кейін 260 тұрақты жұмыс орны құрылады.

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жаңа өндірістердің өңір экономикасы үшін маңыздылығына тоқталды.

– Мемлекет басшысы экономиканы әртараптандырумен қатар, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге де ерекше назар аударып келеді. Тұрмыстық қалдықтарды тиімді кәдеге жарату, полигондарға түсетін жүктемені азайту және қалдықтарды басқарудың заманауи жүйесін қалыптастыру – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Сонымен қатар металлургия саласындағы жаңа өндірістің іске қосылуы өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді, – деді Ербол Қарашөкеев.

Жамбыл облысында инвестициялық белсенділік те жоғары қарқынмен өсіп келеді. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 505,9 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 59,2 пайызға артты. Оның ішінде жеке инвестициялар көлемі 473,5 млрд теңгеге жетті.

2026 жылдың бірінші тоқсанында облысқа 333,2 млн АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Бұл жоспарланған 94 млн АҚШ долларынан бірнеше есе жоғары. Осылайша өңір 2026 жылға белгіленген 315 млн АҚШ долларлық межені мерзімінен бұрын орындады.

Қазіргі таңда облыстың инвестициялық қоржынында жалпы құны 5,6 трлн теңгені құрайтын 116 жоба бар. Оларды жүзеге асыру нәтижесінде 20 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда.

Биыл өңірде жалпы құны 471 млрд теңгені құрайтын 47 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланған. Қазіргі уақытта оның бесеуі пайдалануға берілді.

Жаңа өндірістердің іске қосылуы Жамбыл облысының өнеркәсіптік әлеуетін күшейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндіріс көлемін арттыруға, импортты алмастыруға және өңір экономикасын әртараптандыруға мүмкіндік береді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.