Жамбыл облысында жедел медициналық жәрдем қызметінің материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Өңірдің жедел жәрдем автопаркі заманауи медициналық жабдықтармен жарақтандырылған 60 жаңа санитарлық автокөлікпен толықты, деп хабарлайды BIZ01 ақпарат агенттігі.
Жаңа көліктердің кілтін салтанатты рәсім барысында Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев жедел медициналық жәрдем қызметкерлеріне табыстады.

Іс-шарада сөз сөйлеген облыс әкімі денсаулық сақтау саласын дамыту және медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті.
– Жамбыл облысында денсаулық сақтау саласын дамыту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Өңірде жаңа медициналық нысандар бой көтеріп, ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау инфрақұрылымы жаңартылып, емдеу мекемелері заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуде. Ең бастысы – тұрғындардың сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек алуына қажетті жағдай жасалып келеді.
Бұл бағыттағы маңызды міндеттердің бірі – жедел медициналық жәрдем қызметінің әлеуетін арттыру. Себебі жедел жәрдем – уақытпен санасатын қызмет. Мұнда әрбір минуттың және қабылданған әрбір шешімнің маңызы зор. Сондықтан облыстың жедел медициналық жәрдем қызметіне 60 жаңа санитарлық автокөліктің берілуі – денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртуға бағытталған жүйелі жұмыстың маңызды бөлігі, – деді Ербол Қарашөкеев.
Өңір басшысы медицина қызметкерлеріне халықтың денсаулығын сақтау жолындағы қажырлы еңбегі мен кәсіби біліктілігі үшін алғысын білдірді. Сонымен қатар медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын одан әрі нығайту, жедел медициналық жәрдем қызметінің мүмкіндіктерін кеңейту және тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасатынын жеткізді.
Жамбыл облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының бас дәрігері Венера Балқыбекованың айтуынша, қазіргі таңда өңірде 105 медициналық бригада халыққа жедел медициналық көмек көрсетеді.

Жедел жәрдем қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында заманауи цифрлық технологиялар да енгізілуде. Мемлекет басшысының медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін күшейту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, өңірдегі жедел медициналық жәрдем қызметкерлері 100 пайыз бейнежетонмен қамтамасыз етілген. Осы көрсеткіш бойынша Жамбыл облысы елімізде аталған жүйені толық енгізген екінші өңір атанды.

GPS жүйесі және «SOS» дабыл батырмасымен жабдықталған бейнежетондар қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Төтенше жағдай туындаған жағдайда жүйе оқиға орнын жедел анықтап, тиісті қызметтердің көмек көрсетуіне жағдай жасайды.
Жаңа санитарлық автокөліктердің барлығы қажетті медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Олардың қатарында «А» және «В» класты жедел жәрдем көліктері, сондай-ақ ауыр жағдайдағы науқастарға шұғыл медициналық және реанимациялық көмек көрсетуге арналған арнайы реанимобильдер бар.

Жаңа көліктер медициналық бригадалардың шақырту орындарына жедел жетуіне, пациенттерді қауіпсіз тасымалдауына және қажетті медициналық көмекті тікелей жол үстінде көрсетуіне мүмкіндік береді.
Жалпы 60 автокөліктің 33-і Тараз қалалық жедел медициналық жәрдем станциясына, 4-еуі медициналық авиация қызметіне, 23-і аудандық жедел медициналық жәрдем бөлімшелеріне берілді.

Осылайша өңірдің жедел медициналық жәрдем автопаркі кезең-кезеңімен жаңартылып, медициналық бригадалардың жұмыс тиімділігі мен халыққа көрсетілетін шұғыл көмектің сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар жалғасын табуда.