Баршаңызға мәлім, Мемлекет басшысы бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріп келеді. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз сөзінде:
«Жастарымыз дені сау, мықты азамат болып өсуі керек. Сондықтан ұлт саулығын сақтау үшін бұқаралық спорттың маңызы айрықша», – деп атап өткен болатын.
Бұл – еліміздегі спорт саласының, соның ішінде балалар мен жасөспірімдер спортын дамытудың негізгі бағытын айқындайтын маңызды ұстаным.
Мен, Меркі ауданындағы №20 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Бегалиев Қайсар Дәуленұлы, бүгін сіздермен кездесіп отырғаныма қуаныштымын.
Аталған спорт мектебін 2024 жылдан бері басқарып келемін. Осы кезеңде мектептің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, жаттығу процесінің сапасын арттыруға, жаттықтырушылардың кәсіби деңгейін көтеруге және спортшылардың нәтижесін жақсартуға бағытталған жүйелі жұмыстар атқарылды.
Бүгінгі брифингте осы бағыттар бойынша атқарылған жұмыстар мен қол жеткізген нәтижелерге тоқталғым келеді.
СПОРТ МЕКТЕБІНІҢ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ
Ең алдымен, спорт мектебінің жұмысына тоқталсам.
№20 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі жасөспірімдерді спорт түрлеріне даярлауға бағытталған қосымша білім беру бағдарламаларын жүзеге асыратын мемлекеттік мекеме.
Мектеп ғимараты 2021 жылдың қыркүйек айында пайдалануға берілді.
Бүгінде спорт мектебі Меркі ауданында балалар мен жасөспірімдердің спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік беретін негізгі спорттық орталықтардың біріне айналып отыр.
Біздің негізгі мақсатымыз – балаларды спортқа тарту ғана емес, олардың арасынан жоғары нәтижеге қол жеткізетін болашағы зор спортшыларды даярлау.
КӘСІБИ ЖӘНЕ КАДРЛЫҚ ӘЛЕУЕТ
Спорт мектебінің жетістігі ең алдымен білікті мамандарға байланысты.
2025–2026 оқу жылында мектепте 50 штаттық бірлік бойынша 50 қызметкер еңбек етуде.
Оның ішінде:
• 25 жаттықтырушы;
• 14 кіші қызметкер;
• 11 әкімшілік қызметкер.
Жаттықтырушылар құрамының кәсіби деңгейін арттыруға да ерекше көңіл бөлініп отыр.
Қазіргі таңда мектепте:
• 2 жоғары санатты жаттықтырушы;
• 6 екінші санатты жаттықтырушы қызмет атқарады.
Сонымен қатар жаттықтырушылардың біліктілігін арттыру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.
Ағымдағы жылы спорт саласындағы мамандарды кезең-кезеңімен оқыту аясында біздің мектептің жаттықтырушылары Астана қаласында біліктілікті арттыру курстарынан өтуде.
Бұл курстарда мамандар заманауи жаттықтыру әдістемелерін меңгеріп, кәсіби білімдерін жетілдіреді.
Біліктілікті арттырудың тағы бір маңызды нәтижесі – тиісті талаптарға сәйкес курс нәтижесінде жаттықтырушылардың лауазымдық жалақысын 30 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік беріледі.
Біздің ұстанымымыз қарапайым: жаттықтырушы кәсіби тұрғыда дамыған сайын, спортшының да нәтижесі жоғарылайды.
СПОРТШЫЛАР ЖӘНЕ ОҚУ-ЖАТТЫҒУ ПРОЦЕСІ
Қазіргі таңда спорт мектебінде 9 спорт түрі бойынша 48 оқу тобы жұмыс істейді.
Оларда 25 жаттықтырушы 740 спортшыны даярлап жатыр.
Мектепте дамып жатқан 9 спорт түрінің:
• 7-еуі – олимпиадалық;
• 2-еуі – ұлттық спорт түрлері.
Бұл бағыттағы жұмыс балалардың спортқа қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың арасынан жоғары нәтижеге қабілетті спортшыларды анықтауға мүмкіндік береді.
Спортшылардың сапалық құрамына келсек, бүгінде:
• 113 спортшының жасөспірімдік спорттық разряды бар;
• 44 спортшы – Қазақстан Республикасының спорт шеберіне үміткер.
Бұл көрсеткіштер мектепте спортшыларды даярлау жұмысының нәтижелі бағытта жүргізіліп жатқанын көрсетеді.
НЕГІЗГІ ЖЕТІСТІКТЕР
Енді ең маңызды көрсеткіштердің бірі – спортшыларымыздың жарыстардағы нәтижелеріне тоқталайын.
2025–2026 жылдар аралығында 641 спортшы түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, оның 213-і жүлделі орындарға ие болды.
Ал 2024–2026 жылдар аралығында спортшыларымыз:
Қазақстан Республикасы чемпионаттарында:
• 1 алтын;
• 3 күміс;
• 4 қола медаль жеңіп алды.
Жамбыл облысы чемпионаттарында:
• 29 алтын;
• 20 күміс;
• 57 қола медаль иеленді.
Бұл – спортшылардың ғана емес, олардың жаттықтырушылары мен ата-аналарының да бірлескен еңбегінің нәтижесі.
Әрбір жүлде – үлкен еңбектің нәтижесі. Сондықтан біз үшін спортшының жарысқа қатысуы ғана емес, оның спорттық шеберлігінің тұрақты түрде өсуі маңызды.
СПОРТТЫҚ ІС-ШАРАЛАР ЖӘНЕ БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТ
Спорт мектебі жоғары жетістіктер спортымен қатар, бұқаралық спортты дамытуға да басымдық береді.
Ағымдағы жылы мектеп тарапынан 22 спорттық іс-шара ұйымдастырылып, оларға 2 947-ден астам адам қамтылды.
Оның ішінде:
• 11 аудандық;
• 7 облыстық;
• 4 республикалық деңгейдегі іс-шара.
Мұндай іс-шаралар балалар мен жасөспірімдерді спортқа кеңінен тартуға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға және спорттың бұқаралық сипатын арттыруға мүмкіндік береді.
Алдағы кезеңдегі басты мақсатымыз – спорт мектебінің жұмысын одан әрі жетілдіру.
Біріншіден, спортшылардың кәсіби даярлық деңгейін арттыруды жалғастырамыз.
Екіншіден, жаттықтырушылардың біліктілігін арттыруға және заманауи оқу-жаттығу әдістерін енгізуге басымдық береміз.
Үшіншіден, жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп жүрген спортшыларды қолдап, олардың республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарға қатысу мүмкіндігін арттыруға жұмыс істейміз.
Ең басты мақсатымыздың бірі – болашақта Олимпиада ойындарының жүлдегерлерін тәрбиелеу.
Әрине, бұл – үлкен мақсат әрі үлкен жауапкершілік. Бірақ бүгінгі жас спортшылардың нәтижелері мен жаттықтырушыларымыздың кәсіби әлеуеті бұл мақсатқа жүйелі түрде қадам жасауға мүмкіндік береді деп сенемін.
Қорытындылай келе, №20 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі – балаларды спортқа баулитын ғана емес, болашақ чемпиондарды тәрбиелейтін маңызды орталық.
Біздің ұстанымымыз – сапа, тұрақтылық және нәтиже.
Осы орайда спортшыларымызға қолдау көрсетіп жүрген ата-аналарға, күнделікті еңбек етіп жүрген жаттықтырушылар мен қызметкерлерге алғысымды білдіремін.
Алдағы уақытта да Меркі ауданында балалар спортының дамуына, бұқаралық спортты кеңейтуге және жоғары жетістіктер спортын дамытуға бар күшімізді саламыз.
Бегалиев Қайсар Дауленұлы,
Меркі ауданындағы №20 балалар-жасөспірімдер
спорт мектебінің басшысы