Меркі ауданының әкімі Ербол Жиенқұлов Меркі және Жамбыл ауылдарындағы бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралап, жүзеге асырылып жатқан жобалардың орындалу барысымен танысты. Жұмыс сапары барысында құрылыс және жаңғырту жұмыстарының сапасы, мерзімінің сақталуы, сондай-ақ тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің тиімділігіне ерекше назар аударылды.
Алдымен аудан басшысы Меркі ауылындағы «Балдаурен» бөбекжай-балабақшасы аумағында салынып жатқан автотұрақ құрылысының жұмысын көрді. Жоба ата-аналар мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, көлік қозғалысын реттеуге және балабақша маңындағы жол-көлік жүктемесін азайтуға бағытталған. Жауапты мердігер мекеме өкілдері құрылыс жұмыстарының бүгінгі ахуалы туралы баяндап, нысанды белгіленген мерзімде пайдалануға беру жоспарланып отырғанын жеткізді.
Одан кейін аудан әкімі жуырда пайдалануға берілген аудандық мемлекеттік архив ғимаратының жұмысымен танысты. Заманауи талаптарға сай жабдықталған мекемеде архив құжаттарын ұзақ мерзімге сақтау, оларды цифрландыру және азаматтарға сапалы қызмет көрсету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мекеме қызметкерлері жаңа ғимараттың мүмкіндіктері архив ісін дамытуға және тұрғындарға қолайлы қызмет ұсынуға оң әсерін тигізетінін атап өтті.
Сондай-ақ қайта жаңғыртудан өткен көпбейінді орталық емхананың қабылдау бөлімін аралап, медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасына ерекше назар аударды. Қабылдау бөліміндегі жаңартылған инфрақұрылым, пациенттерге қолайлы жағдай жасау, медициналық жабдықтардың тиімді пайдаланылуы және халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жөнінде жауапты мамандар ақпарат берді. Аудан әкімі тұрғындардың денсаулығын қорғау саласындағы жұмыстардың үздіксіз жетілдірілуі маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті.
Жұмыс сапарының маңызды бөлігінің бірі Жамбыл ауылында жүргізіліп жатқан ауыз су жүйесін жаңғырту жобасы болды. Аталған жоба толық іске асқаннан кейін ауылдағы 1300-ден астам аула мен 6 мыңнан астам тұрғын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп, су құбырларын жаңарту, қажетті инженерлік желілерді тарту және жүйені кезең-кезеңімен іске қосу жұмыстары атқарылуда. Жоба ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартып қана қоймай, елді мекеннің инженерлік инфрақұрылымын одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.
Нысандарды аралау барысында аудан әкімі әрбір жобаның белгіленген мерзімде әрі жоғары сапамен аяқталуы тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға тікелей ықпал ететінін айтты. Сонымен қатар жауапты бөлім басшылары мен мердігер ұйымдарға құрылыс жұмыстарының сапасын тұрақты бақылауда ұстап, барлық міндеттемелердің уақытылы орындалуын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берді. Аудан көлемінде халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуы алдағы уақытта да тұрақты бақылауда болады.