Біз кз

Жамбылда жұмысшылар наразылыққа шықты

Бүгін «Тараз энерго орталық» мекемесінің жұмысшылары наразылыққа шықты. Олар айлық жалақыларын жыл басында бекітілген 10%-ке емес, бірден 30 %-ке көбейтуді талап етіп отыр.
Жалақының аздығын айтып, басшылыққа базынасын білдірген жұмысшылардың бұл сұрауы бірақ жуық арада шешіле қоймайтын секілді. Өйткені, мекеме басшылары жылу бағасын көтермей, жұмысшылардың да айлығы артпайтынын айтып отыр.
– Біз баға бекітуде антимонополия қызметі бекіткен шеңберден асып кетпейміз. Жұмысшылар шықты екен деп айлықты бірден 30 пайызға көтере алмаймыз, – дейді бас инженердің орынбасары Мақсат Сәрсенбаев.
Ал жұмысшылар қымбатшылық қысқан тұста 120 мың теңге жалақымен жан бағу қиынға түсіп жатқанын айтады.
– Мен бесінші разрядты дәнекерлеуші, 128 мың теңге айлық аламын. Ал Тараздағы дәл біздікіндей мекеме ГРЭС-тің мен секілді жұмысшысы 230 мың теңге айлық алады. Осы 128 мыңнан алты баламды асырау қиын, өздеріңіз есептеп көріңіздер. Жыл басынан айлыққа 10% қосамыз дейді. Ол қасылған 10 мың теңгеге қай жыртығымызды жамаймыз? Жетіскеннен емес, жетпегеннен шығып отырмыз наразылыққа, – дейді жұмысшы Жұмағали Оразалиев.
Жалпы, жалақыға қатысты мәселе бұл мекемеде бірінші рет көтеріліп отырған жоқ. Өткен жылдың қыркүйек айында ғана жұмысшыларға берілетін үстемеақылары 20 пайызға қысқарған болатын.
«Таразэнерго орталығы» АҚ президенті Жұмабек Бөлекбаев үстемеақының қысқартылуын бұрынғы басшылардың мекемені қарызға батырып кеткенімен түсіндірген болатын.
– Кредитпен қосқанда қазір 1 млрд қарызбыз. Ақшаның жоқтығынан болған нәрсе ғой. Болғанда бұл 78 миллион ештемені шешпейтін еді ғой. Несие алатын жер жоқ, шындығын айтайын. Бізге ешкім несие де бермейді. Біз енді алған қарыздардың алғашқы траншы – 50 миллионды қайтаруымыз керек, – деген мекеме басшысы «Хабар 24» арнасына берген сұхбатында.
Ал одан бір жыл бұрын, яғни 2021 жылдың тамыз айында Қаржы ұйымдарын қадағалау агенттігі «Тараз энерго орталығы» бір жыл бойы жылу бағасын заңсыз көтеріп келгенін хабарлап, тариф 85 теңгеден 72 теңгеге түскенін айтқан.
Сондай-ақ, бағаны заңсыз көтеріп, халықтың қалтасына қол салғандардың үстінен іс қозғалған болатын.
Бүгін жұмысшылары наразылық білдірген орталықта 285 адам жұмыс істейді. Мекеме Тараз қаласының 80-ға жуығын жылумен қамтып отыр.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.