Республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының «Таза өлке» апталығында жуалылық елдімекен тұрғындары, қоғам белсенділері, ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері іргелес аумақтар мен белгіленген аулаларды күл-қоқыстан тазартып, абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Жалпы аудан бойынша «Таза Өлке» апталығында 190-ға жуық көше тазаланып, 25 тонна қоқыс шығарылған.
Акцияның келесі кезеңі – «Киелі мекен» апталығында тарихи-мәдени ескерткіштер аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Аталған апталыққа Ақтөбе ауылдық округінің тұрғындары белсенді атсалысуда. Ауылдық округке қарасты мекеме қызметкерлері, қоғамдық ұйым мүшелері, белсенді жастар мен ауыл тұрғындары акцияға белсене атсалысуға әрдайым ниетті екендіктерін білдіріп, тазалық жұмыстарына белсене кірісуде.
Тұрғындар санитарлық тазалық жұмыстарын Ұлы Отан соғысының ардагері, Даңқ орденінің толық иегері Т.Тастандиевтің мүсіні қойылған ауланы тазалаудан бастады. Мүсін қоршаулары ретке келтіріліп, ауласын тұрмыстық қалдықтардан тазартты. Сондай-ақ аумақты арам шөптерден тазалау, талдарды әктеу, қураған ағаш түптерін бұтау сынды жұмыстар атқарылды. Бұған қоса, саябақтар, су өткелдерін, көпірлерді ретке келтіру жұмыстары да қамтылды.
Сондай-ақ, «Киелі мекен» тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыру апталығы аясында Шақпақ ауылдық округіне қарасты Ынтымақ және Т.Дүйсебайұлы ауылдарындағы Ұлы Отан соғысына қатысқан азаматтарға арналған монументке ауыл тұрғындары мен мектеп ұжымының қатысуымен тазалық және абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Көкбастау ауылдық округінің аумағын абаттандыру, көгалдандыру мақсатында округке қарасты Бақалы ауылында орналасқан жасыл желек аумағына 150-ге жуық жеміс (алма, алмұрт) ағаштары отырғызылып, оларға күтім жасалуда.
Ал Қошқарата ауылында акция аясында «Жауынгер жерлестерге арналған ескерткіш» маңына тазалық жұмыстары жүргізілді.