Біз кз

Жасөспірімдер арасындағы қылмыс 42,1 пайызға төмендеген

Жамбыл облысының прокуратурасы 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында атқарған жұмыстарын қорытындылады. Прокуратура қызметі қадағалау қызметіне тиімді тәсілдерді қолдана отырып, қоғамдағы заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз етуге күш-жігерін шоғырландырды.

Жұмыс аясында төрт негізгі кезең анықталған: проблемаларды анықтау, себептерді жою, міндеттерді шешу, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының жұмысын бағалау.

Негізгі мақсат – уәкілетті органдардың жұмыс нәтижелеріне бақылауды күшейту арқылы олардың іс-әрекеттерін үйлестіру болып табылады.

Осал жерлерді анықтау және азаматтардың құқықтарын қорғау үшін облыстың барлық аудандарында өткен кездесулер барысында 15 мыңнан астам адамды қамтыған «Қоғаммен байланыс» жобасы іске қосылған.

Қылмысқа қарсы іс-қимыл, бизнес пен инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, сондай-ақ еңбек құқықтарын қорғау мәселелері басым бағыттарға айналды.

Нәтижесінде 12,2 мың азаматқа тегін заң көмегі көрсетіліп, 2,5 мыңнан астам азаматқа білікті түсініктемелер берілген, сондай-ақ 320 адамның проблемалары шешімін тапқан.

Биыл Мемлекет басшысы жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында «Қауіпсіз еңбек»  жобасы да іске қосылған.

Облыстың бірқатар ірі кәсіпорындарында QR-кодтар орнатылып, бұл қызметкерлерге өз құқықтарының бұзылғаны туралы тікелей хабарлауға мүмкіндік берді.

Нәтижесінде, 241 миллион теңге сомасына 1213 қызметкердің алдындағы жалақы бойынша берешекті өтеуге және 7 мыңнан астам адамның құқықтарын қорғауға қол жеткізілген.

1000-нан астам, оның ішінде 105-і сауда және қоғамдық тамақтану саласындағы кәмелетке толмағандармен еңбек шартын жасасу арқылы жұмысшылардың еңбек құқықтары заңдастырылған.

«5 айдың қорытындысы бойынша ауыр қылмыстарды қоса алғанда 30,2 пайызға, жалпы қылмыстың 10,9 пайызға өсуі байқалады. Бұл өсім, ең алдымен, 383 пайызға өскен интернет-алаяқтықтың белсенді анықталуымен байланысты.

Есепке алу-тіркеу тәртібінің сақталуын прокурорлық қадағалауды күшейтудің арқасында СДТБТ-да барлық өтініштерді 100 пайыз тіркеуге қол жеткізілді. Жалпы, 150-ден астам эпизодтық алаяқтық анықталды. Қылмыспен күресу үшін «Cyber және NarkoShekteuTaraz» сияқты цифрлық құралдар белсенді қолданылады.

Атап айтқанда, 38 миллион теңге сомасына 72 шот бұғатталып, екі «SIM-бокс» анықталды.

Сондай-ақ, 16 миллион теңге сомасына дропперлерге қатысты 10 талап қанағаттандырылды. Сонымен қатар, азаматтардың қауіпсіздік деңгейін арттыру үшін құқық бұзушылықтардың жоғары жиілігі байқалатын 36 «қызыл» орамның (Тараз — 17, Шу — 7, Меркі — 7, Талас — 3, Сарысу — 2) тізбесі жасалды.

Мәслихаттар арқылы полиция мен әкімдіктер үшін алдын алу жоспарлары бекітілді.

Бұл шаралар қоғамдық орындарда және көшелерде қылмыстың айтарлықтай төмендеуіне ықпал етті.

Мысалы, 1-тоқсанның қорытындысы бойынша қоғамдық орындарда қылмыстардың өсуі 6,8 пайызды, ал көшеде — 4,2 пайызды құрады, ал 5 айдың қорытындысы бойынша қоғамдық орындарда қылмыстар 20,2 пайызға, ал көшелерде — 18,7%-ға төмендеді.

Құқық бұзушылықтардың алдын алу шеңберінде күшейтілген бақылауды талап ететін адамдармен жұмыстың жаңа форматы енгізілді.

Прокурорлардың бастамасы бойынша «WhatsAp»-бот әзірленді, ол әкімшілік құқық бұзушылықтарды қайталап жасайтын адамдарға (үш реттен артық) құқыққа қайшы әрекеттерді жалғастырудың ықтимал ауыр зардаптары туралы СМС-хабарламалар жібереді» делінген қорытынды есепте.

 Ал есірткі қылмыстары саласында қабылданған шаралар есірткіні алып қоюдың 2,6 тоннадан 6,7 тоннаға дейін ұлғаюына алып келіп, бұл олардың басқа өңірлерде өткізілуін айтарлықтай төмендеткен.

«NarkoShekteuTaraz» телеграм-ботының көмегімен 4 мыңнан астам сайт бұғатталып, 900-ден астам граффити жойылып, ҚК-нің 299-1-бабы бойынша 44 қылмыстық іс тіркелген.

Сондай-ақ, қазіргі уақытта прокуратураның қарасора өнімдерін өнеркәсіптік мақсатта пайдалану туралы ұсынысы қарастырылуда екен.

Жасөспірімдер қылмысының алдын алу саласында 2024 жылы жасөспірімдер арасындағы қылмыстардың 5,4 пайызға өсуі тіркелсе, бұл ретте биылғы жылы қабылданған бірлескен шаралардың арқасында бұл көрсеткіш 42,1 пайызға төмендепті.

«Жасалған қылмыстардың жартысынан көбін колледж студенттері жасағаны анықталды, бұл жастар арасында алдын алу институтын енгізу қажеттілігін талап етті.

Осы жұмыс аясында студенттерді жұмысқа орналастыру бойынша 52 меморандум жасалды, бұл 150 түлекті өз мамандықтары бойынша ірі кәсіпорындарға жолдауға мүмкіндік берді.

Облыс прокуратурасы азаматтар мен бизнестің құқықтарын қорғауды, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алуды қамтитын  «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Алқа қорытындысы бойынша облыс прокуроры басым міндеттерді айқындап, алдағы кезеңге нақты тапсырмалар берді.

Прокуратура қылмысқа қарсы күресті үйлестіруді және құқық тәртібін қамтамасыз етуді жалғастырады, бұл қадағалау қызметіндегі маңызды бағыт болып табылады» деді жиында облыс прокуроры Н.Әбдіров.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.