«Есірткісіз болашақ» жобасын іске асыру аясында облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров Меркі ауданына шығып, есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйін тексерді.
Жергілікті жерде облыстық полиция департаментінің «Дельта-долина» арнайы бөлімшесі мен уәкілетті мемлекеттік органдардың есептері тыңдалып, есірткі қылмысына қарсы күресті күшейту бағыттары айқындалды.
Өткен жылы жабайы қарасора өсетін жер учаскелерінің нақты координаттарын анықтаудың нәтижесінде 1 195 гектар аумақта 1 000 тоннадан астам қарасора шабу және химиялық өңдеу арқылы жойылды.
Ағымдағы жылы оларды жою 4 514 гектар жерден 2 581 тоннаға дейін өсті, ол облыс пен басқа да өңірлерде есірткі таралуының алдын алуға айтарлықтай ықпал етті.
Есірткі қылмыстарының алдын алу тиімділігін арттыру және жазаның бұлтартпастығы қағидатын іске асыру мақсатында облыс прокуратурасымен қосымша ұйымдастырушылық-құқықтық шаралар кешені қабылданды.
Прокуратура, Құқықтық статистика департаменті, полиция, сарапшылар және дағдарыс орталығы арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылуы негізгі жетістік болды.
Меморандумға қол қойылған сәттен бастап тергеу жұмыстарының жеделдігі артты, 35 қылмыстық іс бойынша сараптамалық қорытындылар жедел алынып, бір тәуліктің ішінде айыптау үкімдері шығарылды.
Бірлескен шаралар есірткіні өткізу фактілерін анықтау мен синтетикалық есірткілерді тәркілеу деңгейін төрт есеге арттыруға мүмкіндік берді.
«Ақша ізін қуу» қағидаты негізінде белсенді жұмыс жүргізілуде: қазіргі таңда 64 млн теңгеден астам сомаға 5 320 есірткі есебі анықталып, бұғатталды.
Нұрғалым Әбдіров құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейту, сондай-ақ есірткі қылмыстарына бақылау мен профилактиканы қамтамасыз ететін кешенді шараларды енгізу тапсырды.
Өңірде есірткі қылмыстарының жолын кесу жұмысы жалғасуда.
Жамбыл облысының прокуратурасы