Абай – қазақ әдебиетіндегі ұлы тұлға, маңдай алды ақын екені таңдаулы туындылары дүниежүзі поэзиясының озық үлгілері мен деңгейлес тұрғаны білген адамға айқын шындық.
Осы орайда, Сарысу ауданының орталығы Жаңатас қаласындағы «Домбыра» скверінде «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында «10 тамыз — Абай күніне» орай Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Қазақтың бас ақыны — Абай» атты тұлғатану кеші өтті.
Кешке аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ермағанбетов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Аппазов пен кеңес мүшелері, жазушы, Сарысу ауданының Құрметті азаматы Пернебай Дүйсенбин, кітапхана қызметкерлері мен тұрғындар қатысты.
Аудан әкімінің орынбасары Ерлан Дайрабайұлы арнайы жиында құттықтау сөз сөйлеп, Абай руханиятының мәңгі жасай беретінін айтты. Мұнан соң жазушы, халықаралық Дарабоз сыйлығының иегері Пернебай Дүйсенбин де Абай туралы ойымен бөлісіп, қазақтың бас ақынын ардақтауда мұндай шаралардың маңызды екенін жеткізді.
Шара барысында «Сарысу» халықтық театрының «Абай мен Тоғжан» қойылымы көпшілікті ерекше әсерге бөледі. Сондай-ақ, аудандық мәдениет үйінің әншілері Абайдың әндерін әуелете шырқаса, кітапхана қызметкерлері ақынның жырларын жатқа айтты. Сонымен қатар, Абайдың дүниеге келуі туралы шағын киносюжет ұсынылып, Ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығынан кітап көрмесі таныстырылды.
Сарысу ауданы әкімінің баспасөз қызметі