Біз кз

Денсаулық сақтау саласын кешенді түрде дамыту – басты басымдықтардың бірі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында денсаулық сақтау саласын кешенді түрде дамыту – басты басымдықтардың бірі ретінде атап көрсетілді. Президент бұл салада заманауи технологияларды енгізу, инфрақұрылымды жаңғырту және медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру қажет екенін нақты айтты.

Қасым-Жомарт Кемелұлының айтуынша, Үкімет жасанды интеллект технологиясын қолданып, медициналық қызметтердің сапасы мен көлеміне жүйелі түрде мониторинг жүргізетін жаңа бақылау тетігін қалыптастыруы қажет. Бұл бастама денсаулық сақтау жүйесінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға, сондай-ақ азаматтарға көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылауға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы ауылдық жерлердегі медициналық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын атап өтті. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында бүгінде 540 нысан салынды, ал жыл соңына дейін тағы 115 медициналық мекеме пайдалануға берілмек. Бұл ауыл тұрғындарының сапалы медициналық көмекке қолжетімділігін арттырады.

Қалаларда да бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Астанада заманауи онкология орталығы, Алматыда Жұқпалы аурулардың ғылыми орталығы ашылып, халыққа жоғары мамандандырылған көмек көрсетілуде. Президент осы ретте өңірлерде салынған көпбейінді ауруханаларды ұзаққа созылған бюрократиялық кідірістерсіз іске қосу қажеттігін айтты.

Сондай-ақ жаңа медициналық нысандардың құрылысын жалғастыру маңызды екені айтылып, бұл бағытта мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін кеңінен қолдану, жеке инвестицияларды тарту қажет екендігіне назар аударылды. Бұл азаматтардың сапалы медициналық көмек үшін ірі қалаларға, әсіресе елордаға үдере көшуін азайтады.

Жолдауда фармацевтика саласын дамыту да күн тәртібінде тұрған маңызды мәселе ретінде көтерілді. Президент еліміздің дәрі-дәрмекке тәуелділігін азайту үшін отандық өндірісті жолға қою, дәрі-дәрмектің түрі мен санын көбейту – стратегиялық маңызы бар міндет екенін айтты. Бұл бағытта пандемия кезінде орын алған қиындықтардан сабақ алып, фармацевтикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажет.

Денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығы мен тиімді басқару мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қазіргі таңда бюджетті тиімді реттеуші ретінде жұмыс атқаруда. Қор тарапынан дайын өнім жеткізушілерге бақылаудың күшеюі шығындарды көбейтпей, қаражатты тиімді пайдалануға жол ашты. Қор тарапынан осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2025 жылы медициналық көмекке ақы төлеудің бірыңғай жүйесі базасында «Мониторинг» модулі іске қосылды. Бұрын стационарлық және амбулаторлық көмек жеке-жеке бағаланса, жаңа жүйе пациенттің емханаға қаралуынан бастап стационарға жатқызылуына дейінгі медициналық көмек жолын кешенді түрде бағалауға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы дәрігерлердің қоғамдағы мәртебесін арттыру, олардың еңбекақысын өсіру және әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында нақты шаралар қолға алынғанын және бұл жұмыстар жалғаса беретінін атап өтті. Себебі, медицина кадрлары – денсаулық сақтау жүйесінің тірегі.

Жалпы алғанда, Президент Жолдауда денсаулық сақтау саласының болашағы – цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектке негізделетінін анық көрсетті. Бұл бағыттағы реформалар халықтың өмір сапасын арттыруға және елдің медициналық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

 

Серік Жетібаев,

Жамбыл облыстық психикалық денсаулық орталығының бас дәрігері,

қалалық мәслихат депутаты.

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.