2025 жылдың басынан бері Жамбыл облысы полиция бөліміне 227 кәмелетке толмағанның үйінен немесе уақытша тұратын жерінен өз бетімен кетуі бойынша 212 хабарлама келіп түсті. Олардың әрқайсысы көп ұзамай табылды.
Үйінен кетіп қалған балаларды іздеуде көп күш пен қаражат жұмсалады, полиция қызметкерлері өздерінің негізгі қызметтік міндеттерінен қол үзіп, тәулік бойы іздестіру шараларын жүргізеді.
Полиция қызметкерлері жоғалған жасөспірімнің жүрген жерін анықтап қана қоймай, оның не себептен үйінен кеткенін де зерттеп, талдайды.
Оқиғалардың 53%-ында үйінен кеткендер – қыздар, ал ұл балалар мұндайға сирек барады.
Биыл үйлерінен кеткен кейбір жасөспірімдер бұл әрекеттерін бірінші рет жасамаған.
—80 бала үйден ата-анасымен тұрмыстық жұмыстарды орындау немесе оқуға көбірек уақыт бөлу мәселесіне байланысты ұрыс-керістен кейін кетіп қалған. Балалардың үйден кетуінің басқа себептері – жақындарының сенім артпауы, түсінбеуі және немқұрайлылығы. Екі жағдайда балалар ойнап жүріп уақыттың қалай өткенін байқамай қалған және үйге баруға қорыққан, себебі аналары ұрысады деп ойлаған. Тағы 10 жағдайда балалардың үйден кетуі олардың психикалық ауытқуларына байланысты болды», – деді Жамбыл облысы ПД ЖПҚБ бастығының орынбасары Әлішер Қалышев.
Кейде балалардың үйден кетуіне ата-ананың дұрыс емес мінез-құлқы: спирттік ішімдіктерді шамадан тыс ішу, шуылдаған қонақ шақыру немесе зорлық-зомбылық көрсету себеп болады. Мұндай деректер полиция тарапынан мұқият тексеріледі, егер ата-ананың кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны анықталса, олар әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Полиция қызметкерлері ата-аналарға балаларымен жиі сөйлесіп, олардың немен айналысып жүргенін, достарын және көңіл-күйін біліп отырудың маңыздылығын атап өтеді. Ашық қарым-қатынас мәселені уақтылы байқауға және бақытсыздықтың алдын алуға көмектеседі.
Балалардың өз бетімен үйден кетуі ауыр салдарға әкелуі мүмкін. Қадағалаусыз қалған балалар теріс ықпалға тез түседі, құқық бұзушылықтар мен әдепсіз әрекеттерге қатысы болуы немесе қылмыстың құрбанына айналуы ықтимал.
Жамбыл облыстық ПД Баспасөз қызметі