Біз кз

«Есірткісіз болашақ»: Жамбыл облысында нашақорлыққа қарсы ауқымды акция өтті

Жамбыл облысында Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастамасымен, Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің өкілдерімен, нашақорлықтың алдын алу жөніндегі кеңес мүшелерімен және еріктілермен бірлесе отырып, «Есірткісіз болашақ» атты кең көлемді профилактикалық акция ұйымдастырылды.

Іс-шараның басты мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, есірткіге қарсы иммунитет қалыптастыру және қоғам назарын есірткіге байланысты құқықбұзушылықтардың алдын алуға аудару болды.

Сонымен қатар, акция барысында «Таза Қазақстан» атты тазалық шарасы да өтті. Қатысушылар тұрғын үйлер мен ғимараттардың қабырғаларында заңсыз жарнамаланған, есірткі сатуға қатысты интернет-ресурстарға сілтемелер көрсетілген граффити жазбаларды өшіріп, қалалық ортада тазалық пен қауіпсіздікті қалпына келтіруге өз үлестерін қосты.

Қазіргі таңда бұл интернет-сайттар бұғатталды. Ал оларды таратқан және салған тұлғаларды анықтау мақсатында жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде.

📌 Заңнамаға сәйкес:

  • Есірткі заттарын насихаттайтын немесе жарнамалайтын граффити салу Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 299-1-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. Бұл бап бойынша кінәлі тұлғалар 3 жылға дейін, ал қылмыс алдын ала сөз байласқан топпен жасалған жағдайда 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

  • Есірткіні «жасырын салымдар» арқылы тарататындар Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 297-бабы бойынша 5 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал оқу орындарының маңында есірткі сатқандарға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

📲 Егер сіз есірткіге қатысты заңбұзушылықтарға куә болсаңыз — бұл туралы аноним түрде Telegram-бот «Narko Shekteu Taraz» немесе 102 нөмірі арқылы хабарлауыңызға болады. Құпиялылық толықтай сақталады.


Жастардың рөлі – шешуші

Ерікті жастардың белсенділігі – осындай акциялардың сәтті өтуінің кепілі. Олар қоғамға үлгі бола отырып, өз қатарластары арасында нашақорлықтың зиянын түсіндіруде үлкен рөл атқарады. Акцияға қатысқан жастар тек қабырғадағы жазуларды өшіріп қана қоймай, тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, есірткінің адам денсаулығына, болашағына, отбасы мен қоғамға әкелетін зардаптарын ашық жеткізді.

Мұндай шаралар тек бір күндік акциямен шектелмейді. Алдағы уақытта да облыс аумағында нашақорлыққа қарсы жүйелі түрде профилактикалық жұмыстар жалғасатын болады. Бұл – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, барша қоғамның, әрбір азаматтың ортақ міндеті.


Жамбыл облысы Полиция департаменті барлық тұрғындарды бейжай қалмауға, қоғам қауіпсіздігі үшін белсенді азаматтық ұстаным танытуға шақырады. Есірткісіз болашақ – баршамыздың қолымызда!

biz01.kz

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.