Бүгін Меркі аудандық мәдениет үйінде көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Намазалы Омашевтың 75 жылдық мерейтойына арналған «Туған елдің тұғырлы перзенті» атты әдеби-сазды кездесу кеші өтті.
Мерекелік шара аясында мерейтой иесі мен зиялы қауым өкілдері Жауғаш батыр ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, батыр рухына тағзым етті. Сонымен қатар, мәдениет үйінің фойесінде аудандық кітапхана жүйесі ғалымның ғылыми-публицистикалық еңбектері мен монографияларынан құралған арнайы кітап көрмесін көпшілік назарына ұсынды.
Салтанатты кешке Меркі ауданының әкімі Ербол Жиенқұлов, қоғам және мәдениет қайраткерлері, зиялы қауым, ұстаздар мен оқушылар қатысты. Кеш шымылдығы Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармония әншісі Оңал Азаматованың орындауындағы әсерлі әнмен ашылды. «Меркі әуендері» ұлт-аспаптар ансамблі ұлттық күйлерді орындап, кештің шырайын арттырды.
Намазалы Омашұлы — отандық журналистика теориясының негізін қалаушылардың бірі. Ол 200-ден астам ғылыми-публицистикалық мақаланың және 30-дан астам кітаптың авторы. Қазақстан Журналистика академиясының және Жоғары мектеп ғылым академиясының академигі, Президент сыйлығының лауреаты ретінде ел ғылымына зор үлес қосқан тұлға.
Кеш барысында ғалымның өмірі мен шығармашылығы сахналық көріністер мен поэтикалық арнаулар арқылы көрерменге ұсынылды. №17 мектептің жас мамандары би билеп, кітапханашылар ғалым еңбектерін насихаттады. Ақындар Есен Нұпбаев, Мадияр Ақпенов және Жарқынай Омашева жүрекжарды жырларын оқыды. Сонымен қатар, Жүрсін Ерман, Нұрлан Айтұлы және Қуаныш Әмірбек сынды ақындардың шығармаларынан үзінділер оқылды.
Кештің мәртебелі қонақтары қатарында Ұлттық ғылым академиясының академигі, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Бауыржан Жақып, ІТ университетінің профессоры Аязби Бейсенқұлов, сондай-ақ ауданның Құрметті азаматтары Қамбар Иманалиев пен Шырын Мамасерікова болды. Олар мерейтой иесіне ақжарма тілектерін арнап, оның ел дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтті.
Кеш барысында көрермендерге арналған сұрақ-жауап айдары ұйымдастырылып, Namazaly Omashev-қа түрлі салаларға қатысты сауалдар қойылды. Бұл сұхбат алаңы жастарға үлгі боларлық тағылымды ойлармен, ғалымның өмірлік ұстанымдары мен ұлт болашағына қатысты пайымды пікірлерімен ерекшеленді.
Мерекелік кештің соңы Кенен Әзірбаев атындағы филармония әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Шағырбаевтың орындауындағы әнмен түйінделді. Ал аудан әкімі Ербол Жиенқұлов мерейтой иесіне «Меркі ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін табыстап, шапан жауып, қазақы дәстүрмен құрмет көрсетті.
Бұл кеш – туған елге, ғылым мен руханиятқа қалтқысыз қызмет еткен азаматқа деген құрметтің жарқын көрінісі болды.
Намазалы Омашұлының өнегелі жолы – жастар үшін үлгі, ел үшін үлкен қазына.
biz01.kz