Біз кз

Егеменді елдің еңселі күні

Еліміз үшін елдігіміздің нышаны болған Ұлттық мереке – Республика күнінің мәні мен маңызы зор. Мереке қарсаңында ел аумағында түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып, көпшілік мерекелік думанға бөленді. Айтулы күні Меркі ауданындағы Асанбай Асқаров атындағы орталық стадионда кең көлемді салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиынға аудан әкімі Ербол Жиенқұлов, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, зиялы қауым өкілдері мен аудан тұрғындары қатысты. Іс-шара барысында ұлттық қолөнер шеберлерінің туындылары қойылған көрме ұйымдастырылып, көрермен қауымға ерекше әсер сыйлады.

Салтанатты жиын барысында аудан әкімі Ербол Жиенқұлов жиналғандарды Республика күнімен құттықтап, егемен еліміздің еңсесін көтеруге және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген азаматтарға алғысын білдірді. Аудан әкімі өз сөзінде бұл мерекенің Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттілігін нығайту жолындағы тарихи әрі рухани маңызын атап өтті.

  • Республика күні – халқымыздың азаттық жолындағы тарихи таңдауының, мемлекетіміздің іргетасы қаланған сәттің символы. Бұл – ел бірлігінің, ұлттық рухтың және тәуелсіздікке деген ұмтылыстың мерекесі. Қай халық үшін де азаттықтан асқан ұлы ұғым, тәуелсіздіктен биік тұғыр жоқ. Тарихтың сын сағаттарында қазақ халқы ел тағдыры үшін бір тудың астына бірігіп, ұлт болашағы жолында аянбай күрес жүргізгені – ұрпаққа үлгі, тарихқа тағылым. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, Республика күні – еліміздің тарихи таңдауын айқындаған, елдігіміздің берік тұғыры саналатын Егемендік декларациясы қабылданған күн. Биыл бұл тарихи құжаттың қабылданғанына 35 жыл толып отыр. 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларация – тәуелсіздігіміздің саяси және құқықтық негізін қалыптастырып, демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құру жолындағы маңызды қадам болды.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, Республика күні – ел рухын көтеріп, мемлекетшілдігімізді нығайтатын маңызды мереке. Бүгінде Қазақстан әлемдік аренада өз орнын ойып алған, бейбітшілік пен татулық қағидаттарын берік ұстанған дербес мемлекетке айналды. Мемлекет басшысы атап өткендей, «Егемендікке қол жеткізу оңай емес, ал оны сақтап тұру одан да қиын». Сондықтан біз тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтауымыз қажет. Меркі өңірінің еңбекқор халқы да ел дамуына өз үлесін қосып келеді. Біздің мақсат – халықтың әл-ауқатын арттырып, туған жеріміздің өсіп-өркендеуіне атсалысу, – деді аудан әкімі Ербол Жиенқұлов.

Жиында Құрметті қарауыл Мемлекеттік Туды сахна төріне алып шығып, көпшілік Қазақстан Республикасының Әнұранын бірге шырқады. Меркілік өнерпаз Мадияр Шалабаев орындаған «Қазақтай ел қайда?» әні көрерменнің зор ықыласына бөленсе, «Үміт сарайы» оқушыларының биі мерекелік кештің сәнін келтірді. Сонымен қатар, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары орындаған «Қазақстаным» хоры мен «Меркі әуендері» ансамблінің әуендері көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Мереке аясында аудан әкімі Ербол Жиенқұлов бірқатар азаматтарды «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарымен, сондай-ақ аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарымен марапаттады. Салтанатты іс-шарада республикаға белгілі меркілік әншілер Біржан Байбол, Асыл Жомартов, Аида Срайыл және  жергілікті өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен патриоттық әндер шырқалып, мерекелік концерттік бағдарлама ұсынылды.

 

Сондай-ақ, Ұлттық мереке қарсаңында ауданда бірқатар іс-шаралар өтті. Атап айтқанда, осы күні Мұхтар Әуезов атындағы жалпы орта білім беретін мектеп-лицейде оқушылардан құралған «Жас сақшы» полиция көмекшілеріне куәлік табысталды. Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Өмірбек, аудандық полиция бөлімінің бастығының орынбасары, полиция майоры Бейбіт Байтеміров, аудандық ақсақалдар кеңесінің өкілдері, Ауған соғысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ержан Шолпанқұлов, мектеп ұстаздары мен оқушылар қатысты.Салтанатты рәсім барысында аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Өмірбек құттықтау сөз сөйлеп, жас сақшылардың бастамасына табыс тіледі. Өз сөзінде ол жасөспірімдердің тәртіп сақшыларына көмек көрсету арқылы қоғамдағы құқықтық мәдениетті қалыптастыру ісіне өз үлестерін қосып жатқанын атап өтті.

Сонымен қатар, аудандық полиция бөлімінің бастығының орынбасары, полиция майоры Бейбіт Байтеміров жас сақшыларға арнайы куәліктер табыстап, олардың адалдық пен әділдік жолынан таймай, ел заңдылығын құрметтеуге шақырды. Шара соңында жас сақшылар салтанатты түрде ант беріп, өздеріне жүктелген жауапкершілікті абыроймен атқаруға уәде етті.

Айтулы күні Тәтті ауылынан ашылған спорт нысаны жеке инвестиция есебінен бой көтерді. Жаңа нысан туған жеріне туын тігіп, ауыл спортының дамуына үлкен үлесін қосуды мақсат еткен Тәтті ауылының тумасы Бақыт Көкебаевтың туып-өскен ауылына тартуы.

Ғимараттың ашылуына аудан әкімінің орынбасары Ернар Ғалиұлы, ауыл ақсақалдары, тұрғындар қатысып, лентасын қиды. Жаңа нысанда 5 спорт секциясы бар. Қазақша күрес, еркін күрес, үстел теннисі, бокс, қол күресі секілді спорт түрлерімен шұғылдануға жағдай жасалған. Сонымен қатар, жаңа спорт нысанында 17 маман жұмыспен қамтылды. Ауыл тұрғындары демеуші Бақыт Керімбайұлына өз ізгі-ниеттерін білдіріп, шапан жауып, ат мінгізіп құрмет көрсетті.

Мереке мезіретінде аудан ақсақалдары да шет қалмай, Меркі аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен салтанатты іс-шара өтті. Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Өмірбек, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Байсейіт Жылысбаев, аудандық билер кеңесінің төрағасы Медербек Өзбеков, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағалары, аналар кеңесінің төрайымы Қайнаркүл Таттығұлова, сондай-ақ ауданның зиялы қауым өкілдері қатысты.

Салтанатты жиында аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Өмірбек құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларды Республика күнімен шын жүректен құттықтады. Ол өз сөзінде ел егемендігінің маңыздылығына тоқталып, ауданның әлеуметтік және рухани дамуына елеулі үлес қосып жүрген ардагерлер мен қоғам белсенділеріне алғыс білдірді.

  • Бұл күн – халқымыздың азаттыққа ұмтылған арманын жүзеге асырған, мемлекетіміздің іргетасы қаланған тарихи сәт. Егемендігіміздің бастауында еліміздің, оның ішінде ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық, рухани және мәдени дамуына ардагерлеріміз де зор үлес қосып келеді. Отыз бес жылдан астам тарихы бар, ауылдық, аудандық, қалалық және облыстық деңгейде жұмыс істейтін құрылымдық бөлімшелері бар ардагерлер ұйымдары бүгінде мықты әлеуетке ие. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында «Заң алдында – бәрі бірдей. Бұл – баршаға ортақ мызғымас қағида» екенін атап өтті. Заң мен тәртіпке бағынатын ел болу үшін алдымен қоғамда құқықтық сауаттылықты арттырып, тәртіпті қалыптастыру мақсатында түсіндіру жұмыстарын күшейтуге тиіспіз. Бұл ретте, облыста түрлі идеологиялық және ақпараттық жұмыстар өздеріңізде белсенді атсылысып, қоғам санасына бағытталған өнегелі ойларыңызды ортаға салып келесіздер, – деді Мейірхан Азатұлы.

Меркелік жиын барысында алқа мәжілісінің қаулысына сәйкес, ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып, ел игілігіне еңбек еткен бірқатар азаматтарға «Меркі ауданының құрметті ардагері» атағы салтанатты түрде табыс етілді. Сондай-ақ, ардагерлердің бастамасымен аудандық білім беру ұйымдары арасында өткізілген «Үздік ауласы бар мектеп» байқауының қорытындысы жарияланып, №19 Сыпатай батыр атындағы жалпы орта білім беретін мектебі, №14 Мақсұт Жылысбаев атындағы жалпы орта білім беретін мектебі, «Үміт» оқушылар сарайы, №2 Аспара жалпы орта білім беретін мектебі және №13 Мәншүк Мәметова атындағы жалпы орта білім беретін мектебі жүлделі орындарға ие болып, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Осылайша ұлттық мейрам ауданда көтеріңкі көңіл-күймен өтіп, қатысушылар Республика күнінің ел өміріндегі ерекше маңызын тағы бір мәрте сезініп, егемен елдің болашағына деген сенімдерін нығайтты.

biz01.kz

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.