Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні — Қазақстандағы маңызды кәсіби мерекелердің бірі. Бұл күн ауыл еңбеккерлерінің еңбегін құрметтеуге, аграрлық сектордың дамуына үлес қосқан азаматтарды марапаттауға арналған.
Қазақстанда Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні қараша айының үшінші жексенбісінде атап өтіледі. Бұл дата Қазақстан Республикасының Үкімет қаулысымен бекітілген.
Ауыл шаруашылығы саласының дамуына үлес қосқан мамандарды құрметтеу, егіншілік, мал шаруашылығы, ауыл шаруашылығы техникасын өндіру, ветеринария және басқа да аграрлық бағыттағы мамандардың еңбегін бағалау, саладағы озық көрсеткіштерді насихаттау мақсатында аталып өтілетін атаулы күннің аграрлық сектор қызметкерлерін ынталандыруда маңызы зор.
Бұл күні Меркі ауданында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды. Солардың қатарында аудан әкімі Ербол Жиенқұлов «Атабек» атындағы аудандық мал базарының жұмысын зерделеді.
Аудан экономикасының маңызды салаларының бірі – мал шаруашылығы. Сондықтан мал саудасының заңды, қауіпсіз және тиімді жүруі – шаруалар мен тұрғындар үшін, сондай-ақ жалпы ауданның дамуы үшін аса маңызды.
Аудан әкімі базар аумағында ветеринариялық қауіпсіздік шараларының сақталуына, малды тексеру және тіркеу рәсімдерінің заң талаптарына сай жүргізілуіне, сауда алаңының санитариялық жағдайына ерекше көңіл бөлді. Сондай-ақ, мал өткізу және қабылдау учаскелерін аралап, дезинфекциялық бекеттердің жұмысын тексерді.
Сонымен қатар, базар басшылығына келушілер үшін қолайлы жағдай жасау, ветеринариялық бақылауды күшейту және бейберекет саудаға жол бермеу мәселелері бойынша нақты тапсырмалар берді. Базар инфрақұрылымын жаңғырту мен қызмет сапасын арттыру бағытында ұсыныстар қаралды.
Сондай-ақ, Ербол Жиенқұлов ауыл шаруашылығы қызметкерлері күнімен құттықтау жолдап: ⠀
«Құрметті ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлері!
Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Ауыл – ел экономикасының тірегі, халықтың берекесі мен бірлігінің бастауы. Осындай маңызды салада табандылықпен еңбек етіп, ел ырысын арттырып отырған сіздердің еңбектеріңіз қашанда құрметке лайық.
Меркі ауданы – аграрлы өңір. Сондықтан да, ауданымыздың дамуы, елдің әл-ауқаты, әлеуметтік тұрақтылығы тікелей сіздердің маңдай тер, адал еңбектеріңізбен байланысты. Биылғы жылдың нәтижелері де – соның айқын дәлелі. Егіншілеріміз мол өнім жинап, мал шаруашылығы қарқынды дамып, агроөнеркәсіп саласындағы көрсеткіштер тұрақты өсуде.
Қиындығы мен жауапкершілігі жоғары бұл салада еңбек етіп жүрген барлық азаматтарға алғыс айтамын.
Сіздерге зор денсаулық, отбасылық амандық, еңбектеріңізге табыс пен молшылық тілеймін! Берекелі еңбектеріңізбен ауданымыздың өсіп-өркендеуіне үлес қоса беріңіздер!» деп атап өтті.