Нашақорлық және есірткі бизнесіне қарсы күрес және жолын кесу бағытында Жамбыл облыстық Полиция департаментімен қазан-қараша айларында көптеген ауқымды шаралар ұйымдастырылды.
Төменде департаментпен атқарылған ауқымды шараларға шолу жасамақпыз.
Ең бірінші кезекте «Қарасора-2025» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті мен Жамбыл облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері ірі көлемдегі есірткі заттарын тәркіледі.
Жедел ақпаратты жүзеге асыру барысында «Алматы – Екатеринбург» автожолының 343-шақырымында 40 жастағы ер адамның басқаруындағы «TOYOTA RAV4» көлігі тоқтатылды. Арнайы операция кезінде «Тэя» қызметтік иті есірткі заттарының бар екенін анықтады. Көлікті тексеру барысында жүксалғыш бөлімінен ерекше иісі бар өсімдік тектес зат салынған үш қап табылды. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат — «кептірілген марихуана» болып шықты. Жалпы салмағы 38 келі 125 граммды құрайды.
Аталған дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің «Есірткі заттарын ірі мөлшерде заңсыз айналымға енгізу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Ұстау іс-шарасы облыстық прокуратураның қатысуымен жүргізілді.
Айта керейік, «Қарасора-2025» жедел-профилактикалық іс-шарасы 1 маусым мен 31 қазан аралығында өткен болатын. Аталған кезеңде 272 есірткі қылмысы анықталған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 69 дерекке артық.
Заңсыз айналымнан жалпы салмағы 8 тонна 587 килограмм түрлі есірткі заттары тәркіленсе, оның ішінде 4 тонна 179 кг кептірілген марихуана, 4 тонна 248 кг каннабис өсімдігі, 29 кг гашиш және 9 килограмнан астам синтетикалық заттар болған.
Жыл басынан бері Шу өңірінен еліміздің басқа аймақтарына есірткі тасымалдаудың 16 арнасының жолы кесілген. Операция нәтижесінде 485 килограмнан астам марихуана мен 129 кг гашиш тәркіленіп, 18 адам ұсталған.
Полиция департаментімен синтетикалық есірткінің таралуының алдын алуға ерекше назар аударылады. Жедел-профилактикалық іс-шара басталғалы бері 8 адам ұсталып, заңсыз айналымнан 9 келіден астам синтетикалық есірткі заты алынған.
Синтетикалық есірткі өндіретін зертхана ұйымдастырған Ресей Федерациясының екі азаматы ұсталып, олардың зертханасынан 8 кг-нан астам мефедрон, 2 тоннадан астам прекурсорлар мен арнайы жабдықтар табылған.
Сондай-ақ трамадол есірткі препаратын заңсыз сатумен айналысқан алты адамнан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топтың жұмысы тоқтатылған.
Барлығы 6 мың 417 гектар алқапта 3 мың 919 тонна жабайы қарасора шабу арқылы жойылса, бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,5 есеге көп.
Сонымен қатар, алдын алу шаралары да назардан тысқалмауда. Солардың бірі — «Есірткісіз болашақ» конференциясы.
2025 жыл — «Құқық бұзушылықтардың алдын алу жылы» деп жариялануына және «Заң мен тәртіп» қағидасына сәйкес, Шу ауданында педагогтар мен ата-аналар арасында «Есірткісіз болашақ» тақырыбында конференция өткізілді. Іс-шараны Жамбыл облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, Есірткі қылмысының алдын алу жөніндегі кеңес, «Елу жылда — Ел жаңа» қоғамдық бірлестігі, Шу ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі, Шу ауданы әкімдігінің білім бөліміне қарасты «Оқушылар сарайы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны және Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының Шу аудандық бөлімдері бірлесіп ұйымдастырды.
Конференцияға аудан мектептерінің басшылары мен педагогтары, ата-аналар қауымдастығының өкілдері және белсенділер қатысты. Іс-шара барысында төрт мектептің мұғалімдері оқушылар арасында есірткіге қарсы алдын алу бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндама жасап, тиімді тәжірибелері мен ұсыныстарын ортаға салды.
Қатысушылар мектеп, отбасы және құқық қорғау органдарының өзара ынтымақтастығы жас ұрпақтың есірткіге деген теріс көзқарасын қалыптастыруда және салауатты өмір салты құндылықтарын нығайтуда шешуші рөл атқаратынын атап өтті.
Конференция мазмұнды және белсенді түрде,тартысты ой-пікілермен үйлесім тапты. Кездесу соңында үздік педагогтар алғыс хаттар және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Сондай шараның тағы бірі – Тараз қаласында ұйымдастырылған «Спорт —нашақорлыққа қарсы» мини-футбол турнирі. Жамбыл облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ бірлесіп «Спорт нашақорлыққа қарсы» ұранымен мини-футбол турнирін ұйымдастырды. Турнирге облыс орталығындағы колледждердің құрама командалары қатысты.
Қатысушылар өздерінің спорттық шеберліктерін ғана емес, сондай-ақ командалық рухты, жеңіске деген жігер мен салауатты өмір салтына ұмтылысты көрсетті.
Жарыс қорытындысы бойынша:
1 орын — Жамбыл политехникалық жоғары колледжі;
2 орын — Жамбыл индустриалды-техникалық колледжі;
3 орын — «Тараз-Ғасыр» колледжі иеленді.
Ал «Нашақорлықсыз болашақ» атты сурет байқауы «Заң және тәртіп» қағидаты аясында Шу ауданының «Оқушылар сарайы» ғимаратында өтті. Іс-шараны Жамбыл облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы есірткі қылмыстарының алдын алу жөніндегі кеңеспен, «Елу жылда — Ел жаңа» қоғамдық бірлестігі, Шу ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі, Шу ауданы әкімдігі білім бөлімі және «Оқушылар сарайы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнымен бірлесіп ұйымдастырды.
Байқауға ауданның түрлі мектептерінен 12 мен 15 жас аралығындағы 35 оқушы қатысты. Жас суретшілер өз жұмыстарында салауатты, қауіпсіз және жарқын болашаққа деген ұмтылыстарын бейнеледі.
Байқаудың басты мақсаты — жастардың өмірлік құндылықтарын қалыптастыру, салауатты өмір салтын насихаттау, нашақорлықтың алдын алу және жасөспірімдерді шығармашылыққа, пайдалы іс-әрекетке тарту. Сонымен қатар, іс-шара оқушылардың көркемдік қабілеттерін дамыту мен бейнелеу өнеріне деген қызығушылығын арттыруға бағытталды.
Байқау қорытындысы бойынша:
I орын — Асқарбек Нұрай
II орын — Есентай Нұрай және Базарбай Ақбота
III орынды — Байжұман Ерасыл, Қанарбек Ақниет, Ермекбай Мирас және Әбдібек Аянат атанды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды, ал қатысушылар мен ұстаздарға алғыс хаттар мен сыйлықтар табыс етілді.
Жамбыл облысы бойынша есірткі бизнесі мен нашақорлыққа қарсы іс-қимыл мен алдын алу шаралары жалғаса беретін болады.